НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. 2030 жылға қарай астананың халқы 2 милион адамнан асады. Бұл туралы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Nur-Sultan. Қолтаңба" деректі фильмінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осы орайда жүргізуші тұрғындардың санын шектеу мәселесі жайында сұрады. Елбасының айтуынша, қалада халықтың көп болғаны экономикалық тұрғыдан пайдалы.
Оқи отырыңыз: Назарбаев үлкен тәуекелге барған кезде қандай түс көргенін айтты
"Мысалы, Мексиканың астанасында халықтың саны 20 миллионнан асып кетті. Қанша шектейміз деп шара қолданса да, болмады. Әрине біраз шектеуге болатын еді. Бірақ қала болғаннан кейін көпшілік болған жақсы. Көпшілік болған кезде сауда жұмыс істейді. Мәдениет орындарына баратын адамдар болады. Туристер көбейеді, жұмысшылар көбейеді, балалар көбейеді", - деді Назарбаев "Nur-Sultan. Қолтаңба" деректі фильмінде.
Қазақстанның тұңғыш президенті тар көшелердің мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, тар көше ескі қалаға тән мәселе. Ал басқа жерде кең жолдар ғана салынады. Себебі автокөлік саны да жыл сайын артып келеді.