Өңірлер

Қазақстанда жалған вакцина паспортын жасағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жалған құжаттарды сататын делдалдар әзірге анықталған жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында жалған ПТР-анықтамалар мен вакцина паспорттарын жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Петропавловск.news.

"ПТР-тест нәтижелерін қолдан жасағаны үшін 22 қылмыстық іс, ал жалған вакцина паспортын жасаумен айналысатын адамдарға қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды. Бұл өте күрделі мәселе", - деді облыстың бас санитар дәрігері Әсет Жұматаев брифингте.

Ол кез келген құжатты қолдан жасау заңмен қудаланатынын және бұл үшін қылмыстық жаза көзделгенін еске салды.

Жұматаевтың айтуынша, жалған паспортты сатып алатын адамдар өзі мен айналасындағыларды алдайды.

Жуырда Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, халыққа қызмет көрсететін сала қызметкерлері 15 шілдеге дейін вакцина салдыруға міндетті. Ал екпеден бас тартқандар апта сайын ПТР-тест тапсыруға тиіс.