Фото

Жидебайға саяхат: Абайдың үшінші әйелі Еркежанмен тұрған үйі – фото

Sputnik

Абайдың Ділдә, Әйгерім және Еркежан деген үш жары болған. Бұл үйде ұлы ақын үшінші әйелі Еркежанмен бірге тұрған.

Бастапқыда Еркежан Абайдың інісі Оспанның әйелі болды. Екеуі Жидебайдағы үйді мекен етті. 1892 жылы Оспан қайтыс болғаннан кейін, Еркежан әмеңгерлікпен Абайдың үшінші жары атанады. Осылайша бұл қыстау Абайдың еншісіне өтеді.

Абай мен Еркежанның ортақ балалары жоқ.

Өлкетанушылардың айтуынша, Абай Жидебайдағы үйді қайта салып, күрделі жөндеуден өткізген.

Абай заманынан жеткен құнды жәдігерлермен Sputnik Қазақстан фотолентасынан таныса аласыздар.

1 / 22
Абайдың үшінші әйелі Еркежанмен бірге тұрған үйі. Ақын өмірінің соңғы он жылын осы жерде өткізген.
2 / 22
Үй бес бөлме және екі дәлізден тұрады. Музей-үйге кіру ақылы: ересектер 300 теңге, ал балалар 70 теңге төлейді.
3 / 22
Бұл дәлізде ақынның шәкірттері мен балаларының суреті, аудармалары мен 45 қара сөзінен алынған үзінділер ілінген
4 / 22
Қонақ бөлмесі. Үйге келген қонақтарды осы бөлмеде күткен. Оң жақтағы төсек – Абайдың бәйбішесі Ділдәнің жасауымен бірге келген төсегі.
5 / 22
Қабырғада Ділдәдан туған Ақылбай, Әбдірахман, Мағауияның суреттері ілуі тұр. Абай Әбдірахманды Әбіш деп еркелеткен. Ол 27 жасында Алматыда әскери қызметте жүріп қайтыс болды. Араға жеті жыл салып, Мағауия көз жұмды. Мағауияның қырқын берген күні Абай Құнанбайұлы өмірден озды. Абай атамыздың қырқын берген күні тұңғыш баласы Ақылбай қайтыс болған.
6 / 22
Абайдың әкесі Құнанбай қажының тақиясы. 1875 жылы Меккеден киіп келген. Күмістелген кісе белбеу де сол кісінікі.
7 / 22
Бұл Абай атамыздың жұмыс бөлмесі. Жұмыс үстелінде сиясауыт, кітаптары, 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған хаты, майшам тұр
8 / 22
Жұмыс бөлмесінің қабырғасында үш ішекті домбыра, қасқыр терісі, күмістелген кісе белбеу ілінген. Кісе белдікке қарап, ақынның ірі денелі адам болғанын білуге болады.
9 / 22
Кіші қонақ бөлмесі. Жерге сырмақ жайып, үстіне құрақ-көрпе төсеп, малдас құрып отырып, әңгіме дүкен құрған бөлме. Абайдың бос уақытында ойнаған ойындары – тоғызқұмалақ, дойбы. Дойбы тастары қойдың топайшық деген сүйегінен жасалған. Ақын пайдаланған есепшот, былғары дорба. Бұл дорбаға тоғызқұмалақтың тастары салынған.
10 / 22
Ас бөлмесі. Абай Құнанбайұлы отбасымен оңаша қалғанда осы дастархан басында ас ішкен. Үстел үстінде тостағандары, кішкентай қымыз тегене, үлкен қымыз тегене тұр. Ожау арқардың сүйегінен жасалған
11 / 22
Ас үйдегі күміс, жез самаурындар. Үлкен самаурынды 1971 жылы Абай атындағы совхоздың еңбекшілері осы мұражайға сыйға тартқан.
12 / 22
Ыдыс-аяқ сақталған кебеже. Құрт езген астау. Кейде ет табаққа сыймаған етті осы астаумен тартқан
13 / 22
Ас үйдегі пеш. Қонақтар көп келетін болғандықтан, қос қазан қойылған: біреуіне ет асылса, екіншісіне қуырдақ қуырылған.
14 / 22
Ақынның анасы Ұлжанның құманы. Ал мына үлкен жез легенге апасы Абайды қырқынан шыққанша суға түсірген.
15 / 22
Ер-тоқым. Әр тасы күмістен жасалған. Абай екінші әйелі Әйгерімді әйелдікке алған кезде жорға атқа тағып, сыйға тартқан ер-тоқымы.
16 / 22
Бұл Абайдың әмеңгерлікпен алған үшінші жары Еркежанның бөлмесіндегі төсек. Жасауымен бірге келген. Ағаш пен сүйектен жасалған. Тұскиіз жөндеуден өтпеген, сол баяғы қалпын сақтап тұр. Шымылдық былтыр ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жаңартылды.
17 / 22
Абайдың үшінші әйелі Еркежанның асыл бұйымдары: маржан моншақ, сырға, күміс білезіктері.
18 / 22
Ет сақтаған бөлме – шошала немесе тошала. Қонақтың көптігінен жұмасына төрт-бес қара мал сойылған. Сол малдың етін осы бақанға іліп, сыймағанын көлденең сырғауыл тартып ілген. Ал қара қазанға ет асқан.
19 / 22
Аңшылықтан кейін бүркіт қондырған тұғыры
20 / 22
Үйдің кіреберіс ауласында Абай мінген пәуеске тұр.
21 / 22
Музей-үйден басталатын жолмен әрі қарай жүрсеңіз, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешеніне келесіз. Бұл кесенелерде Абай Құнанбайұлы кенже інісі Оспанмен және Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің ұлы Ахатпен жерленген.
22 / 22
Бұл қорымда Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, ағасы Құдайберді жатыр. Зират мемориалдық кешенге баратын жолдың бойында орналасқан.