"Орион" Соққы жасауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарының Ресейдегі алғашқы сериялық өндірісі Дубна қаласында бой көтеріп жатыр. Зауыт құрылысы аса қысқа мерзімде жүзеге асырылып, 2021 жылдың қарашасында іске қосылады. "Кронштадт" компаниялар тобының өнімін экспортқа шығару 2022 жылы басталады.
Мәскеу жақында ғана Мьянмаға "Орлан-10" ұшқышсыз ұшу аппараттарын жеткізу туралы келісімге қол қойды. Алайда РФ президентінің әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Владимир Кожин 2017 жылдың күзінде Ресей ұшқышсыз ұшатын аппараттарды шетелге жеткізу туралы 50-ден астам өтінімді қарастырып жатқанын хабарлады. Ол кезде ұшқышсыз техника Ресейдің қару-жарақ экспортының 3 процентін ғана құрайтын. Үш жылдың ішінде елеулі өзгерістер болды. Бүгінде ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараты жоғары сұранысқа ие.
Жалпы ұшқышсыз ұша алатын техника саласы әлемде қарқынды дамып келе жатқан жоғары технологиялық өндіріс аясы болып отыр. Ақпанда Әбу-Дабиде өткен IDEX 2021 халықаралық көрмесі шетелдік әріптестердің соққы жасау және барлау бағытындағы ресейлік ұшқышсыз техникаға қызығушылық танытқанын көрсетті.
Мәскеу қару-жарақ экспорты бойынша әлем рейтингінде екінші орында тұр. Ресейлік қару-жарақ тактикалық-техникалық сипаттамалары жағынан батыс өнімінен кем түспейді және бағасы жағынан әлдеқайда арзан.
"Ростех" басшысы Сергей Чемезовтың айтуынша, жасанды интеллектті интеграциялау бүгінде ресейлік ұшқышсыз ұшу техникасының үлкен жетістігі болып отыр. Мысалы, соққы жасауға арналған мұндай дрон нысананы өзі анықтап, оған оқтұмсықты дәлдеп, бомба тастай алады. Салыстыру үшін айтсақ, Қарабақтағы қарулы қақтығыс кезінде қолданылған түріктердің ұшқышсыз ұшу аппараты "Байрақтар" радио сигнал жететін аумақта оператормен басқарылады.
Сириядағы соғыс кезінде өзін жақсы техника ретінде таныта алған ресейлік "Орлан-10" ұшқышсыз ұшу аппараты Ресей армиясының қарулануында 2010 жылдан бері қолданыста келе жатыр. Аппарат 18 сағатқа дейін аспанда бола алады. Крейсерлік жылдамдығы – сағатына 110 километр. Қанатының серпуі үш метрге жететін бұл машинаның ұшу кезіндегі ең жоғарғы салмағы 16 килограмм және тиімді жүктемесі 4,5 килограмға дейін жетеді.
Барлау модификациясындағы "Орлан-10" 140 киломтерге дейін қашықтықта мәліметтерді жолдай алады. Тиімді жүктеменің модульдік тығынында түрлі жабдықтарды орналастыруға болады. Үш дрон, жүк автокөлігі және жердегі басқару станциясы сынды артықшылықтарынан бөлек "Орлан-10" машинасының бағасы әлдеқайда арзан.
Ресейлік "Орион-Э" ұшқышсыз ұшу аппаратын мамандар түріктердің "Байрақтарына" қуатты бәсекелес деп атап отыр. Себебі ол халықаралық нарықтағы "баға – сапа – бортты интеллектуализациялау" деген талаптарға сай болуда. "Иноходец" деп аталатын бұл техника Ресей армиясының қатарында тұр және Сириядағы террористерге әуеден соққы жасау кезінде жоғары тиімділік көрсетті.
"Орион" – ұшу ұзақтығы 24 сағатты құрайтын орташа биіктіктегі аппарат. Ол соққы жасауға арналған түрлі авибомбалармен, басқаруды қажет ететін зымырандармен жабдықталған. Жоғарғы ұшу салмағы - 1150 килограмм, крейсерлік жылдамдығы - сағатына 200 километр, ұшу кезіндегі жоғарғы биіктік – 7 километр. Соғыс жүктемесі – 200 килограмм. "Рособоронэкспорт" бұл техниканың экспорттық әлеуетін жоғары бағалап отыр.
Сонымен қатар ресейлік ұшқышсыз ұшу техникасының қатарында тағы бір аппарат бар. Ол – соққы жасауға арналған "Альтиус" ауыр аппараты. Бұл әуе машинасы 25 маусымда авиациялық жою құралдарын қолдану арқылы полигондағы сынақ кезінде жердегі нысандарға соққы жасады. Түрлі оқ-дәріні қолдану арқылы аталған аппараттың соққы жасау мүмкіндіктері әлі де сынақтар өткізіліп жатыр. Олардың қатарында танкті, жеңіл броньдалған машинаны, артиллерия позициясын, адам күші жиналған аумақты бомбалауға арналған оқ-дәрі бар. "Альтиус" арсеналында еркін құлайтын және басқарылатын шағын калибрлі авиабомбасы, басқарылатын зымыран бар.
Ауыр санаттағы техникаға жататын бұл аппарат ұшу уақыты екі тәулікті құрайтын орташа биіктіктегі ұшқышсыз ұшу аппараты қатарында тұр. Оның ұшу салмағы 6 тонна, бір тоннадан астам тиімді жүктемені алып жүре алады. Қанатының серпуі 30 метрге дейін жетеді.
"Альтиустың" бірнеше модификациясы бар және ол спутниктік байланыс жүйесімен жабдықталған. Бұл оны үлкен қашықтықта да басқаруға мүмкіндік береді. Әрекет ету радиусы – шамамен 3500 километр. Мамандардың болжамы бойынша, бұл аппарат халықаралық нарықтағы әлемдік үлгілерден озық болуы әбден мүмкін.
Ресейлік "Охотник" ұшқышсыз ұшу техникасы жақында ғана әуеге көтеріліп, интеллект пен соққы жасау мүмкіндіктерін дамытып жатыр. Әйтсе де әлем нарығында оған бәсекелес болатын басқа аппарат кемде-кем.
Ресейлік аталған техниканы ауыр топтағы дронға жататын израильдік IAI Eitan, түрік Bayraktar Akinci мен америкалық MQ-9А Reaper машиналарымен салыстыруға болады. Ресейлік аппарат шамамен 5 мың километр қашықтықта ішкі орындарда барлауға арналған құралдар мен 6 тоннадан астам бомба немесе зымыран алып жүре алады. Жүк көтерімділігі жағынан біршама жақын израильдік IAI Eitan 2 тонна оқ-дәрі көтеруге мүмкіндігі бар. Яғни, ресейлік "Охотник" соғыс жағдайында Израиль, Түркия немесе АҚШ-тың осы тектес үш машинасының орнын баса алады.
Сондай-ақ "Охотник" туриналы-винтті емес, турбиналы-реактивті қозғалтқышпен жабдықталған. Ұзындығы 14 метрді құраса, қанатының серпуі 19 метрге жетеді, ұшу салмағы – шамамен 20 тонна. Крейсерлік жылдамдығы – сағатына 1000 километр. Бұл бәсекелесі MQ-9А Reaper машинасының (сағатына 480 километр) мүмкіндіктерінен екі есе жоғары. "Охотниктің" басты ерекшелігі – Су-57 бесінші буын жойғышымен бірлесіп шабуылды басқарушы техника ретінде әреке ете алады.
Әлемде ұшқышсыз ұшу техникасының қарқынды дамуы АҚШ пен Израильдің Парсы шығанағы, Югославия, Таяу Шығыстағы әскери операциялар кезінде ұшқышсыз аппаратты қарқынды пайдалануына алып келді. Дрон өндірісімен әлемдегі елуден астам ел айналысады. Бірақ күні кешеге дейін АҚШ пен Израиль негізгі өндіруші ретінде қарастырылып келді. Енді бәсекелес бола алатындай техника дайындаушылар қатарында Ресей де кіргені анық.