Қоғам

Қазақстанда 3,5 мыңға жуық студент оқыған университет жабылды

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде оқыған 3 500-ге жуық студент басқа жоғары оқу орындарына ауысты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті өз қызметін тоқтатты. Барлық студент басқа медициналық жоғары оқу орындарына ауыстырылды, деп хабарлайды білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Студенттерді ауыстыру жұмысы соңғы екі айда жүзеге асырылды. Енді түлектер оқуын жалғастырып, жоғары білім туралы диплом ала алады.

ҚазМҮББУ-да 3 500-ге жуық адам білім алған.

БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасованың айтуынша, студенттердің басым бөлігі Алматының медициналық жоғары оқу орындарына ауысты. Кейбір студенттер оқуын Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларындағы медициналық оқу орындарында жалғастырды.

"Ауысу барысында студенттерді қабылдаушы жоғары оқу орындарына ҚазМҮББУ тарапынан жіберілген заңбұзушылықтарды жоюға тура келді. Ауыстырылған 111 студенттің жеке құжаттарында талап етілетін аттестат пен оларға қосымша болмаған. Кейбір студенттердің ҰБТ-дағы сертификаттары да болған жоқ", - деді ол.

Сондай-ақ ҚазМҮББУ студенттерін басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру кезінде кейбір магистранттардың пререквизиттерден өтпей оқығаны анықталды. Сонымен қатар студенттер қабылдау кезінде міндетті тестілеудің кейбір элементтерін тапсырмаған.  

Тағы оқыңыз: Қазақстанда бір университет бас лицензиясынан айырылды

Бұған қоса, соңғы курстың студенттері мемлекеттік стандарттың міндетті пәндерін толық көлемде оқымаған. Бірқатар негізгі пән мүлдем игерілмеген. Мәселен, "Фармация" қысқартылған бағдарламасы бойынша оқыған студенттер тиісті 120 кредиттің орнына тек 78-ін ғана оқыған.

"Университет жіберген осы және басқа да заңбұзушылықтар студенттерді басқа медициналық жоғары оқу орындарына ауыстыру процесін тежеді. Бүгінгі таңда бұл мәселелер шешіліп, білім алушылар басқа университеттерде оқуын жалғастырды. Қабылдаушы жоғары оқу орындары студенттерге академиялық айырмашылықты игеруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ олар студенттерге жетіспейтін құжаттарды қалпына келтіруге, оқудағы олқылықтардың орнын толтыруға және биылғы оқу жылын уақытылы аяқтауға көмектеседі", - деді Жарасова.

Еске салсақ, 2021 жылдың ақпанында  Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды. Сәуір айында университетті бас лицензиясынан айыру туралы сот шешімі заңды күшіне енді.