Өңірлер

Облыс орталығында картоп пен сәбіз сатып алуға шектеу енгізілді

Ірі сауда орталықтарының иелері шығын көріп жатқанын жасырмайды. Алайда олар "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдікпен кредит алғанда осындай міндеттеме қойылған
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 шілде — Sputnik. Қостанайдың ірі супермаркеттері нарықтағы бағадан арзан картоп пен сәбіз сатуға шектеу енгізуге мәжбүр болды, деп хабарлайды "Хабар 24".

Мұнда көкөністер 3-4 есе арзан сатылып жатыр. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын сақтап тұру міндеттемесі аясында жүзеге асырылуда. Мәселен, картоптың келісі 70 теңгеден қымбат емес. Нарықтағы баға 260 теңге шамасында. Сәбіз басқа жерлерде 540-550 теңгеден сатылып жатса, мұнда 150 теңгеден қымбат емес.

Қостанай қаласы кәсіпкерлік бөлімі шектеу енгізуге тура келгенін айтып отыр. Өйткені алыпсатарлар мұндай жағдайды пайдалануға асық.

"Кейбір адамдар сәбіз пен картопты төмен бағамен сатып алып, дәл осы маңда қымбатқа сатқан кездер де болды. Сондықтан тапшылық болмауы үшін бір қолға берілетін көлемді шектеуді ұсынамыз", - деді Қостанай қалалық әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Илона Тимошенко.

Ірі сауда орталықтарының иелері қалыптасқан жағдайда шығын көріп жатқанын жасырмайды. Алайда олар "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдікпен кредит алғанда осындай талап қойылған.

"Бізде әлеуметтік тауардың 16 түрі бар. Кей кезде пайда, кейде шығын көріп жатырмыз. Алты ай қорытындысы бойынша пайдаға кенелдік. Ол кезде картоп 200 теңгеден арзан болды. Қазір, керісінше, айына 8 миллион теңгеден қағылып жатырмыз. Біздің міндеттеме бойынша бір тоқсан бойы "Тобыл" қойған бағаны ұстап тұруымыз керек", - деді супермаркет әкімшісі Ботагөз Көшембаева.

Қостанай облысының әкімдігі қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында жалпы сомасы 300 миллион теңге болатын 12 әлеуметтік маңызы бар өнім қоры сақталғанын жеткізді. Шенеуніктер алдағы уақытта картоп пен сәбіз бағасын реттемек. Бұл үшін жергілікті базарға көкөністер оңтүстіктен 200 тоннадан әкелініп жатыр.