Қоғам

ҰБТ-2021: орнына басқаны кіргізбек болғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Былтыр жеті жағдай тіркелсе, биыл олардың саны -18. Жеті жүзден астам түлек тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде өз орнына басқа адамды кіргізбек болғандар саны артты. Тоғыз адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекованың айтуынша, биыл талапкерлер ҰБТ-ға Face ID жүйесі арқылы кіргізілді.

"Өкінішке қарай, тестілеу кезінде өз орнына басқа адамды кіргізу фактілері анықталды. Былтыр жеті жағдай тіркелсе, биыл олардың саны 18. Тоғыз адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде елордалық төрт оқушы өз орнына төрт студентті кіргізуге әрекет жасаған. Тергеу жүріп жатыр", - деді ол баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, айтуынша, 756 түлек тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

Бұған қоса, тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 1305 адам шығарылды. Тиісінше олардың да нәтижелері жойылды.

Дидарбекова өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ-ға кіргізуге тыйым салынған заттардың саны үш есеге – 2 363-тен 749-ға дейін азайғанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Биылғы ҰБТ-да бір түлек қана ең жоғары ұпай жинады

"Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде түлектер әртүрлі қулыққа барды. Оның ішінде жасырын камералар алып өту, микроқұлаққаптар, шоколад қағазына қапталған смартфондар, үлкен өлшемді кроссовкаға ұлтарақ ретінде салынған смартфондар, маска-шпаргалкалар. Осындай әрекеттерге жол берген балалар тестілеуге жіберілген жоқ", - деді ол.

Биыл ҰБТ-ға 145 288 талапкер қатысты. Оның ішінде 109 693-і немесе 65,5 проценті – қазақ тілінде, 35 245 немесе 24,3% – орыс тілінде, 350 немесе 0,2 проценті ағылшын тілінде тапсырды.