НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рейдерлікке қарсы күресті күшейту және бизнесті лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғауға арналған заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, жаңа заңның аясында қылмыстық кодекстің 249-бабына жаңа тармақ енгізіледі. Оған сәйкес, бақылау, құқық қорғау және тағы басқа органдар арқылы рейдерлік жасаған адамдар қылмыстық жазаға тартылады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қашықтан жұмыс істеу туралы заңға қол қойды
Атап айтқанда, рейдерлікті ұйымдастырғандар да, шенеуніктер арасында оларға көмектескен тұлғалар да жазаланады. Ал 345-бапта заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау әдістері жазылған. Осы әрекет ауыр қылмыстар санатына ауыстырылып отыр.
Бұдан бөлек, тағы бірқатар өзгеріс бар. Олар:
- кәсіпкерлерді қорғау бойынша жоғары қадағалау құралдары күшейтіледі, атап айтқанда, бизнес субъектілерге олардың қызметіне лауазымды адамдардың заңсыз араласу фактісі бойынша тікелей прокуратураға жүгіну құқығы беріледі;
- кәсіпкерлерді салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың қолданыстағы шектерін қайта қарау. Мәселен, бір жылдың ішінде төленетін салықтардың 10 проценттік криминалдық шегі енгізіледі;
- кәсіпкерлікті қылмыстық қудалау органдарының шамадан тыс араласуынан қорғау және тіркелген кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттерін соттың немесе прокурордың санкциясымен ғана жүзеге асыру;
- рейдерлік пен құқық қорғау және бақылаушы органдардың кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттеріне қарсы күресті күшейту, сондай-ақ бағалы металдардың заңсыз айналымына тосқауыл қоятын шаралар.
Қылмыстық кодекске бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, сондай-ақ зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жеке бап енгізіліп отыр.