НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде - Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев астананың "жасыл белдеуін" тікұшақпен аралады. Сондай-ақ қала айналасындағы орманды алқаптың даму барысымен танысты, табиғи ортаға қырғауыл ұшыру шарасына да қатысты, деп хабарлады Елбасының ресми сайты.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті "жасыл белдеу" осы жылдары жайлы климат қалыптастыруға және қала экологиясын жақсартуға әсер еткенін атап өтті.
"Алғаш егілген ағаштар қазір 20 метрге жетіп қалды, қалың орманға айналды. Осы орманның арқасында жайлы климат қалыптасып, экология жақсаруда. "Жасыл белдеуді"дамытуға атсалысып жүрген азаматтарға шын жүректен ризашылығымды білдіремін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы көгалдандыру жұмысына Түркия, Қытай, Венгрия және басқа елдерден мамандар шақырылғанын айтып өтті.
"Осы жылдары атқарылған іс халық тарапынан кең қолдау тапты. Велосипед жолдары салынды, бос уақытта демалуға қажет дүниенің бәрі бар. Тұрғындар жидек пен саңырауқұлақ тере алады", – деді Қазақстанның Тұңғыш президенті.
Оқи отырыңыз: Елордада жылына 2000 қырғауыл өсіруге арналған орталық ашылды - видео
Елбасы елорданың "жасыл белдеуіне" ұлттық саябақ мәртебесін беруді, өкілетті органдарға қала маңындағы жерлерге тексеріс жүргізуді ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев елорданы дамыту барысын қайта қарап, шаһар аумағындағы бос жатқан жерлерде ішінара құрылыс жүргізуге көшу қажеттігін айтты.