АЛМАТЫ, 2 шілде — Sputnik. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин төртінші толқын аясында коронавирустың таралуына қатысты болжамын бөлісті.
Бекшиннің айтуынша, коронавирустың шарықтау шыңы жаздың аяқ кезінде болады.
"Бұл шамамен тамыз айының басы мен орта кезінде болады деп ойлаймыз. Ал қыркүйек айының басында көрсеткіш төмендеуі тиіс", - деді ол брифинг кезінде.
Қаланың бас санитар дәрігері вакцинация қарқынын жылдамдатудың маңыздылығына тоқталды. Осының арқасында оқу жылының басында халықтың иммунитеті қалыптаса бастайды.
Сондай-ақ, Бекшин екпе пунктерінде вакцинаға таңдау аз дейтіндерге жауап берді. Ол қолда барын салдыру керек деп отыр.
"Біз екпе пунктерін дүкенге айналдыруды мақсат етіп отырған жоқпыз. Үкімет тегін вакцина ұсынды. Ол - "Спутник V". Қазіргі уақытта бізде вакцина жеткілікті. Бүгін таңертең қорда 40 мыңы қалды. Вакцина кестеге сай жеткізіліп жатыр, қор толығуда", - деді Бекшин.
"Спутник V"-мен қатар QazVac вакцинасын салдыруға болады. 2 шілде таңертеңгі мәлімет бойынша екпе пунктерінде 2 657 дозасы болған. CoronaVac вакцинасы да бар.
Бас санитар дәрігер Hayat-Vax вакцинасы Қазақстанға тек бір рет жеткізілгенін атап өтті.