НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасын салдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мүфтияттың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік", – деген. Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Ал шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады. Алайда екпе салдыру – әр азаматтың өз еркі. Міне, бүгін алғашқы дозасын алдым, енді 21 күннен соң екінші компонентін қабылдаймын", - дейді Тағанұлы.
Бас мүфти вакцинаның салынғанын сезбей қалдым дейді. Сол үшін дәрігерлерге алғыс айтты.
"Өздеріңіз білесіздер, әр аймақта біздің имамдар екпе алуды бастап кеткен болатын. Діни басқарманың да біраз қызметкерлері індетке қарсы екпе салдырып жатыр. Мамандардың сөзіне құлақ асып, денсаулық үшін маңызды деген соң осындай қадамға барып отырмыз", - деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Айта кетейік, бас мүфти екпені елордадағы №9 қалалық емханада салдырды. Онымен бірге ҚМДБ ұжымы, соның ішінде аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков, ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов вакцинаның алғашқы компонентін қабылдады.