Қоғам

"Жанжалды ушықтыра түседі": ұрыс-керіс кезінде қай сөзден аулақ болу керек

Демалыс кезінде жанжал туындаса, не істеу керек? Психолог мұндай жағдайға қатысты бірқатар кеңес беріп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде — Sputnik. Демалыс кезінде туристер әдеттегіден әлдеқайда шыдамсыз болады. Сондықтан ұрыс-керіс те жиілейді. Мұндай жағдайда не істеу керектігін Sputnik радиосына сұхбат берген әлеуметтік психолог Ирина Баржак айтып берді.

Адамдар курортқа күнделікті күйбең тіршіліктен демалуға барады. Сол себепті демалыс кезінде жанжал туындаса, онсыз да жүйкесі жұқарған адам бірден жанжалдасып кетеді.  

Маман келеңсіз жайттардың алдын алу үшін өзгелерге сыпайылық танытып, жергілікті халықтың салт-дәстүріне құрмет көрсету қажет деп отыр.

"Сіз өзге елге келсеңіз, ол мемлекеттің өз ережесі бар екенін ұмытпау керек. Қонаққа өз тәртібімізді ала бармаймыз. Сондықтан жергілікті тұрғындардың кеңесін ескеріп, барынша сыпайы болу қажет", – деді Ирина Баржак.

Психолог жанжал кезінде не істеуге болатынын түсіндіріп берді. Ол қандай сөздерден аулақ болу қажет екенін айтты.

"Адам айқайлап, ашуға ерік бергенін көрсеңіз, оған "тыныштал, сабырға кел" деген сөздерді мүлдем айтуға болмайды. Бұл жағдайды ушықтырып жібереді. Осыған ұқсас сөздердің бәрі адамды одан сайын ашуландыруы мүмкін", - дейді психолог.

Ирина Баржак "адаммен келісу" тәсілін қолдануды ұсынады.

"Туындаған жағдайдан шығу жолын бірлесе іздестіру керек. Бәрін байыппен талқылап, бірге шешуге шақырған жөн. Сол кезде ол біраз сабырға келеді. Өзімен-өзі жанжалдаспайды ғой. Мұндай тәсіл ұрысты біршама бәсеңдетеді", - деді Баржак.