Саясат

"Тоқаев атсалысты": Назарбаев Қытаймен арадағы шекара мәселесі қалай шешілгенін айтты

Елбасының айтуынша, Қытай төрағасы Цзянь Цзэминьмен тиісті келісімшартқа қол қойылғаннан кейін шекараның бірнеше шақырымы қалған. Картографиялық құжаттар табылды. Бірақ екі жақта да күдік болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде - Sputnik. "Штрихи к портрету" деректі фильмінің кезекті сериясында Елбасы Нұрсұлтан Назарабаев Қытаймен арадағы шекара мәселесі қалай шешілгенін еске алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі

"Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстан, осы төртеуі Қытаймен шекараласады. Біз алдымен кешенді түрде келіссөздерді бастадық. Соның бәрі біраз жылға созылды. Тәуелсіздік алғанымыздан бастасақ, 12 жылдай жүрді", - деді Назарбаев.

Елбасының айтуынша, Қытай төрағасы Цзянь Цзэминьмен тиісті келісімшартқа қол қойылғаннан кейін шекараның бірнеше шақырымы қалған. Картографиялық құжаттар табылды. Бірақ екі жақта да күдік болды.

"Ол жер КСРО-ға жата ма? Жоқ, әлде Қытайдың жері ме? Осы мәселеге тап болдық та, соны зерделей бастадық. Тастақ жер, төбе ғана, айналада ештеңе жоқ. Оны бұрғылап көрдік. Қазба байлықтары бар ма, жоқ па, оны да көрдік. Болмады. Қой бағуға да келмейді. Бірақ жердің аты жер ғой. Содан пікір таластырдық, дауластық", - деп еске алды Назарбаев.

Оқи отырыңыз: "Оңай болған жоқ": Назарбаев сұхбатынан үзінді жарияланды – видео

Сол кезде қазақстандық делегацияның құрамында Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болды.

"Ол делегацияның құрамында Қытаймен келіссөздер жүргізді. Басқалармен салыстырғанда жақсы жұмыс істеді. Сөйтіп, бір шешімге келді де, келісімге қол қойды", - дейді Назарбаев.