Оқиға

Солтүстік Қазақстанда жүкті әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі аударылып қалды  

28 жастағы жүкті әйелді жедел жәрдем көлігімен перинаталды орталыққа жеткізбек болған. Алайда жеңіл көлікпен соқтығысу салдарынан медициналық автокөлік аударылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында жол апаты кезінде жедел жәрдем көлігі аударылып, жүкті әйел зардап шекті. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Динара Сағындықова мәлімдеді.

Жол апаты 1 шілде күні сағат 05:20 шамасында Қызылжар ауданында Петерфельд ауылына жақын маңда болған.

"Жәдел жәрдем автокөлігі облыс орталығына қарай кетіп бара жатқан Audi жеңіл көлігімен соқтығысты. Жол апаты салдарынан жедел жәрдем жолаушысы мен жеңіл автокөлікте болған екі жолаушы зардап шекті", - деді Динара Сағындықова.

Зардап шеккендердің бірі - Мамлютка қаласының 58 жастағы тұрғыны - ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ жедел медициналық мекеме көлігінде болған 28 жастағы жүкті әйел де перинаталдық орталыққа жеткізілді.

Солтүстік Қазақстанда жүкті әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі аударылып қалды  

Оқиға орнында Қызылжар ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер жол апатының себебін анықтайтын болады. Бірқатар сараптама тағайындалды.