Қоғам

Павлодарда мас күйінде көлік жүргізген депутат оқиғасы: судья істен бас тартты

Павлодардағы экс-депутат өзін қамауға алу туралы шешімге шағым білдірді: 1 шілдеде облыстық сот оның шағымын қарауы керек болатын. Алайда сот кабинетінде апелляциялық инстанцияның қаулысы әлі жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik.  Медициналық тексеруден өтуден бас тартқаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған Павлодар облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі Қайрат Әбішев сот шешіміне апелляциялық инстанцияға шағымданды.

Sputnik Қазақстан бұған дейін хабарлағандай, Қайрат Әбішевті осы жылдың 25 мамырында таңғы сағат 5 шамасында полиция қызметкерлері тоқтатқан. Ол техникалық тексеруден өтпеген Toyota Camry көлігін басқарып келе жатқан және одан алкогольді ішімдіктің иісі сезілген. Депутат медициналық тексеруден өтуден бас тартқан.

Полиция оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 4-бөлімі бойынша (Ішкі істер органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) токсикологиялық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау) әкімшілік хаттама толтырып, материалды әкімшілік сотқа жолдаған.

Сот қаулысы бойынша Қайрат Әбішев кінәлі деп танылып, оған қатысты 15 күнге әкімшілік қамауға алу және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы үкім шықты.

Алайда осы уақытта оған ота жасалуына байланысты жаза мерзімін орындауды бір ай кейінге қалдыруға рұқсат берілді. Бірақ депутат әкімшілік соттың шешіміне апелляциялық инстанцияға шағымданды.

Оқи отырыңыз: Таңғы бесте шу шығарған: Шығыс Қазақстанда шенеунік қызметтен қуыла ма

Оның шағымын қарауы тиіс облыстық сот судьясы Әбішевпен достық қарым-қатынаста екенін алға тартып, бұл істі қараудан бас тартты. Сондықтан іс материалдары оның әріптесіне тапсырылды. Сот отырысы 30 маусымда өтуі керек болатын. Бірақ Әбішев сотқа келмеді. Судья сот отырысына оны мәжбүрлеп алып келу туралы шешім шығарды.

1 шілдеде сағат 10:30-да сот отырысы өтуі керек еді. Бірақ оның қалай өткені белгісіз. Себебі сот кабинетінде апелляциялық инстанцияның қаулысы әлі жарияланбаған.