Қоғам

"Қайтқан адам туралы жаман сөз айтпайды": Назарбаев Әбділдинді еске алды

Елбасының айтуынша, 1991 жылы өткен президент сайлауынан кейін Серікболсын Әбділдин  жоғарғы кеңестің төрағасы боламын деп айтқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде - Sputnik.  "Штрихи к портрету" деректі фильмінің кезекті сериясында Елбасы Нұрсұлтан Назарабаев президент сайлауындағы оппоненті Серікболсын Әбділдинді еске алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біз онымен керемет қарым-қатынаста болдық. Колбин кезінде ол Мәскеуге тұрақты өкіл болып барды. Өте білімді, мықты экономист. Өзіміздің мемлекеттік жоспарлау комитетінде жұмыс істеген. Ол да, Асанбаев (Қазақстанның вице-президенті - Sputnik) да Қазақстанның бұрынғы басшылығымен дұрыс қарым-қатынаста болмады. Сол себепті мен оны Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты қызметіне сайлануға көндірдім. Сөйтіп,   Шымкентте оны мүлдем танымаса да, депутат болып сайланды", - деді Назарбаев. 

Елбасының айтуынша, 1991 жылы өткен президент сайлауынан кейін Серікболсын Әбділдин  жоғарғы кеңестің төрағасы боламын деп шықты.

"Шынымды айтсам, мен қалаған жоқпын. Себебі оны жақсы білдім. Амбициясы бар, басқаша көзқарас. Содан дау басталды. Басқа кандидаттар бас тартты. Әлде, онымен келісіп алды ма, ақыры жоғары кеңестің төрағасы болып сайланды. Қызметке келді де, Ресейдің жоғарғы кеңесінің төрағасы Хасболатовпен дос болып алды. Ол кісі кеңестердің басты орган ретінде болғанын қалады. Большевиктердің басты ұраны – "Барлық билік кеңестерге берілсін!" дегенді ұстанды. Соның бәрі Мәскеудегі ақ үйге оқ жаудыруға әкеліп соқтырды", - деп атап көрсетті Назарбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Серікболсын Әбділдин де осы бағытты ұстады. Билікті коммунистерге бергенді қалады.

"Парламент нарықтық экономикаға қатысты барлық ұсыныстарды бұғаттап отырды. Бірақ ол кезде парламентте кілең коммунистер отырды. Бірде-бір заңды өткізуге мүмкіндік бермеді. Мен таңнан кешке дейін сол жерде отырып, заңдардың әрбір бабын түсіндіріп отырдым. Енді, алға қарай жүру керек қой. Жекешелендіру туралы заңды қабылдау мүмкін болмады. Банктер мен жеке меншік заңдар да солай. Шағын және орта бизнес туралы заң бар. Мен де коммунист болдым. Бірақ өзгеру керек қой", - деп еске алды Назарбаев.

"Тоқаев атсалысты": Назарбаев Қытаймен арадағы шекара мәселесі қалай шешілгенін айтты

Алматыдағы аудандық атқарушы комитеттің депуттары өзін-өзі таратып жібергеннен кейін парламентті де тарату мәселесі көтеріле бастады. Содан кеңес депутаттарының жартысынан көбі өз еркімен өкілеттілігін тоқтатты. Ақыры жоғарғы кеңесті таратып жіберді.

"Енді, қайтқан адам туралы жаман нәрсе айтпайды ғой. Жалпы, Әбділдин білімді кісі болған. Екеуіміз дос едік. Бірақ ең үлкен жау достың арасынан шығады ғой (күлді). Осылайша, ол өзгеріп кетті. Президент сайлауына компартияның атынан қатысты. Бірақ ол кезде қайдағы компартия, электораты да болмады. Ары кетсе, 8-9 процент. Сөйтіп, солай соңына дейін өмір сүрдік", - дейді Назарбаев.