Қоғам

Андрей Стенин атындағы байқауға қатысушыларға онлайн дауыс беру басталды

Бірінші шілдеден бастап кез келген интернет қолданушысы өзіне ұнаған фотоға дауыс бере алады
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 шілде — Sputnik. Бірінші шілдеден бастап кез келген интернет қолданушы Стенин – 2021 байқауының үздік жұмыстары тізіміне енген фотолар ішінен өзіне ұнағанына дауыс бере алады: онлайн дауыс беру байқау сайтының орыс және ағылшын тіліндегі нұсқасында басталды.

Дауыс беруге қатысу үшін дауыс берушінің ВКонтакте, Facebook, Twitter әлеуметтік желілерінің бірінде немесе қытайлық Weibo қызметінде аккаунты болуы қажет. Дауыс беру 31 шілде сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Онлайн дауыс беру бойынша жеңімпаз тамыздың басында жарияланады, ал интернеттегі ең танымал фото авторы байқау дипломын алады.

Андрей Стенин атындағы конкурс кураторы, "Россия сегодня" медиа тобының визуалды жобалар қызметінің жетекшісі Оксана Олейниктің пікірінше, байқаудың жақсы дәстүріне айналған онлайн дауыс беру қатысушылардың жұмысына халық баға беретін алаң. Сондай-ақ ол фотоға баға берушілерге де фотография әлемі туралы көбірек ақпарат алуға көмектеседі.

"Дауыс беруге қатысқан интернет қолданушылары фотоны шынайы бағалайтын қасиетке ие және олар қазіргі фотография әлемі туралы мүмкіндігінше көп нәрсе білгісі келеді. Осы тұста оларға жас халықаралық фотожурналистика өкілдерінің ең үздік әрі жарқын фотолары, яғни лауреаттардың жұмыстары көмектесетініне қуаныштымыз", - деді Олейник.

Стенин атындағы байқаудың бас жүлдесін кім алады, сондай-ақ байқау номинацияларында жүлделі орындар қалай бөлінетіні қыркүйекте белгілі болады. Күздің бірінші айында Андрей Стенин байқауының жеңімпаздары stenincontest.ru/stenincontest.com. сайтында жарияланады.

Сондай-ақ байқауды ұйымдастырушылар жыл соңына дейін әлем қалалары бойынша жеңімпаздардың роуд-шоуын бастауды жоспарлап отыр.

Байқау жайлы

Ресей Федерациясының ЮНЕСКО істері жөніндегі комиссиясының қолдауымен "Россия сегодня" ХАА ұйымдастырған Андрей Стенин атындағы халықаралық фотожурналистика байқауы жас фотографтарды қолдауға және заманауи фотожурналистика міндетіне қоғам назарын аударуға бағытталған.

Бұл – талантты, жаңашылдыққа құмар әрі біздің жанымызда болып жатқан жағдайларға адамдардың назарын аудара алатын жас фотографтарды біріктіретін алаң.

Байқаудың бас ақпараттық серіктесі – "Россия-культура" ресейлік мемлекеттік телеарнасы, "Москва 24" телеарнасы, Вести.Ru ақпарат порталы.

Байқаудың халықаралық ақпарат серіктесі Sputnik ақпарат агенттігі мен радиосы, RT телеарнасы мен порталы, Askanews ақпарат агенттігі, Independent Media медиахолдингі, Telam ақпарат агенттігі, ANA жаңалықтар агенттігі, Shanghai United Media Group (SUMG), China Daily газетінің интернет-порталы, The Paper интернет-порталы, Al Mayadeen медиа желісі, Prensa Latina ақпарат агенттігі, DBW интернет порталы болды.

Андрей Алексеевич Стенин (1980 жылдың 22 желтоқсаны — 2014 жылдың 6 тамыз ) – ресейлік фототілші.

2003-2005 жылдары "Российская газета" тілшісі, 2005-2008 жылдары "Газета.ru" тілшісі, 2009-2013 жылдары РИА Новости фототілшісі болды. 2014 жылдан бастап "Россия сегодня" ХАА біріккен фотоақпарат дирекциясының арнайы фототілшісі қызметін атқарды.

Ол төтенше оқиғалар, жаппай тәртіпсіздік, әскери қақтығыс, сот процестерін түсіруге маманданған. Сирияда, Газа секторында, Мысырда, Ливияда, Түркияда және басқа аймақтарда жұмыс істеді. Ол Украинада іссапарда жүргенде көз жұмды, Украинаның шығысындағы қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқан төртінші ресейлік журналист.

Стениннің өлімі үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Ресей президентінің жарлығымен журналист қаза болғаннан кейін "Ерлік" орденімен марапатталды.