НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде — Sputnik. Алматы облысында қауіпті аймақта фотоға түспек болған ер адамды өзен суы ағызып әкетті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
1 шілдеде сағат 11.15-те "112" пультіне Алматы облысының Кеген ауданында 1984 жылы туған ер адамды Шарын өзенінің ағыны алып кеткені туралы хабарлама түскен.
Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына тез арада Алматы облысы ТЖ департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Олардың жалпы саны жеке құрамнан 15 адам мен 4 бірлік техника.
Оқиға орнына сағат 12.05-те ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары да жіберілді. Олардың жалпы саны жеке құрамнан 8 адам мен 1 кинологиялық есеп. Сағат 13.00-де оқиға орнына "Қазавиақұтқару" АҚ-ның тікұшағы ұшты. Қосымша күштер мен құралдар жіберіледі.
Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам туристік топпен жүріп, фотоға түсу кезінде қауіпті аймақта аяғы тайып кетіп, суға құлаған.