Әлем

Келесі президент кім: Путин тікелей эфирде қандай сұрақтарға жауап берді

Владимир Путин төрт сағат бойы тікелей эфирде ресейліктердің сұрақтарына жауап берді. Федерация тұрғындары алуан түрлі сауал қойып, Путиннен ол мәселелерді шешуді сұрады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым — Sputnik. Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен есеп бойынша 18-ші тікелей эфир өтті. Ресей көшбасшысы тікелей эфир барысында ел тұрғындарының ондаған сұрағына жауап берді. Әдеттегідей ресейліктердің сауалы әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық проблемалары, жұмыссыздық, азық-түлік пен құрылыс материалдарының қымбаттауына қатысты болды. Сонымен қатар ресейліктер коронавирусқа қарсы вакциналау жөнінде сан сауал жолдады.

Ресейліктерді коронавирусқа қарсы вакциналау

Ресей азаматтарынан коронавирусқа қарсы вакциналау туралы көп сұрақ келіп түсті. Олар көбіне президенттің Ресей Федерациясының жекелеген аймақтарында енгізілген міндетті вакциналауға қатысты көзқарасын білгісі келді.

Путин бүкіл ел бойынша міндетті вакциналау енгізілмейтінін, алайда жаппай локдаунның алдын алу мақсатында кей өңірде міндетті вакциналауға жүгінуге тура келетінін айтты.

Сондай-ақ тікелей эфир кезінде Владимир Путин осы жылдың сәуірінде "Спутник V" вакцинасын салғызғанын мәлімдеді.

Ол вакциналауға қарсы азаматтар әлі де көп екенін жасырмады. Бірақ президент вакциналау туралы шешім қабылдау үшін адамдарды мамандар мен медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ түруге шақырды.

Инфляция және азық-түлік бағасының қымбаттауы

Сонымен қатар ресейліктер қойған сұрақтардың бір легі азық-түлік пен құрылыс материалдары бағасының шарықтауына қатысты болды.

Путин қазір азық-түліктің әлемдік индексі жоғары деңгейде тұрғанын атап өтті. Сондықтан азық-түліктің қымбаттауы бүкіл әлем елдерінде тіркеліп отыр. Президенттің айтуынша, оның себебі көп. Әсіресе қант пен күнбағыс майы қымбаттады. Ал үкімет бағаны ұстап тұру бойынша шаралар қабылдады. Путин Ресейдегі өнім тапшылығына байланысты картоп пен сәбіз шет мемлекеттен жеткізіліп жатқанын айтты. Ол алдағы уақытта жиналатын өнім бағаға ықпал етеді деп сенім білдірді.

Құрылыс материалдарының бағасына қатысты жауап берген Путин қымбатшылық инфляциямен байланысты болып отырғанын жеткізді. Ол әлем нарығында да металл бағасы өскенін атап өтті. РФ лидері үкімет құрылыс нарығындағы бағаны тұрақтандыруға тырысады деп сендірді.

Қара теңіздегі британдық эсминецке қатысты жағдай

Путинге "Қара теңіздегі Ресейдің аймақтық суларына британдық эсминец кірген кезде әлем үшінші дүниежүзілік соғыстың алдында тұрды ма?" деген сипаттағы жаһандық мәні бар сауал да қойылды.

"Олай деп ойламаймын", - деп қысқа қайырды РФ президенті. Ол британдықтардың бұл әрекеті АҚШ-тың қатысуымен ұйымдастырылған арандату әрекеті екенін түсіндірді.

Путин нені армандайды

Халықпен тілдесу барысында философиялық сұрақтар да кездесті. Брянск облысының тұрғыны Путиннен "Ресей президенті әлі де армандай ма?" деп сұрады.

"Барлығымыз жақсы нәрсе ойлап, әркез жақсыға ұмтылуымыз керек. Адамның армандамайтын кезі болуы мүмкін емес. Барлық дүниеге позитивті көзқараспен қарау керек. Жақсы нәрсені көп ойласа, ол іске асады", - деді президент.

Путиннен қандай әнді тыңдайтынын сұрағанда ол кеңес заманында жазылған әндерді тыңдағанды ұнататынын айтты.

Ресейде шетелдік әлеуметтік желілерге тыйым салына ма

Ресейлік блогерлер де Путинге сауал қойды. Олардың сұрағы интернетті реттеу мен шетелдік әеуметтік желіні бұғаттауға қатысты болды. Путин Ресейде әлеуметтік желіге шектеу енгізу бойынша жоспар жоқ екенін айтып, алайда алып ІТ компаниялар Ресейде өз өкілдіктерін ашуға міндетті екенін ескертті. Сонымен қатар Путин ресейлік әлеуметтік желілер де белсенді қолданыста болатынына үміт білдірді.

Келесі президент кім?

Краснодар өлкесінен келіп түскен сұрақ билікті тапсыруға қатысты болды. Владимир Путин президент қызметіне үміткерлерге кеңестер мен ұсыныстар беруді өз міндеті деп білетінін айтты. Ол уақыты келген кезде Ресей Федерациясын басқаратын лайықты азаматтың есімін атайтынын жеткізді.

Ресей қоқысты өртейді

Ресейліктердің көбі қоқыс рефорасына қатысты алаңдаушылық танытты. Олар қоқыс өңдейтін зауыттың тапшылығы салдарынан жекелеген өңірлер қоқыстың астында қалып отырғанын айтты.

"Қоқыс реформасы – бүкіл ел бойынша жүретін ауқымды жұмыс. Бұған дейін бұл проблемамен ешкім айналысқан жоқ. Бірақ бұған дейін мұнша көп қоқыс та болмады. Жергілікті биліктің қоқысты сұрыптап жинау талаптарын елемеуіне жол бермеу керек. Мұндай жағдайда оларды жауапқа тарту қажет", - деді Путин.

Ресей көшбасшысы алдағы жылдары елде қоқыс өртейтін бес зауыттың құрылысы басталатынын хабарлады. Путин кейбір қалдықты жою үшін осы жолмен утилизациялауға тура келетінін айтты.

Сондай-ақ Владимир Путин басқа елдермен салыстырғанда жаһандық өзгерістер Ресейде әлдеқайда жылдам болып жатқандықтан, РФ экологияны бұзу мен оған зиян келтіретін амал-әррекеттерді мейлінше азайтуы керек екенін мәлімдеді. Ресей территориясының бір бөлігі солтүстік ендікте жатыр. Егер ол аумақта мұздықтар ери бастаса, оның салдары ауқымды болады.

Президентке арналған блиц-сауалнама

Тікелей эфир аяқталар шақта Владимир Путинге бірнеше қысқа сұрақ қойды. Ол басты үш туындыға, отставкадан кейін Ресей президенті қайда қызмет істейтініне және бақыттың құпиясы не екеніне қатысты болды.

"Өзіңнің қажеттілігіңді сезіну және өзіңді қалыптастыра алу мүмкіндігіне ие болу керек", - деді Владимир Путин.

"Болашақта Ресейді қалай елестетесіз және Кеңес Одағын қайта құру дұрыс па? деген сауалға Путин: "ондай амалдың еш қажеттілігі жоқ" деп жауап берді.

Ресей территориясы бойынша әлемдегі ең ірі мемлекет. Сонымен қатар Ресейді минералды ресуртардың қоймасы деуге болады. Елдің үлкен жетістігі де осында. Ресей оларды ақылмен пайдалана алуы керек, дейді Путин. Ол сондай-ақ мемлекеттің ең үлкен байлығы халық екеніне сенім білдірді.

Ресей президенті Владимир Путинмен өткен тікелей эфир осы жылы төрт сағатқа созылды. Түрлі байланыс арнасына ресейліктерден екі миллионнан астам сауал келіп түсті. Тікелей эфирдің ортасында техникалық ақау анықталып, жүргізуші президентпен эфирге хакерлер шабуыл жасап жатқанын айтты.