НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым — Sputnik. Алматы әуежайында кейбір халықаралық рейстердің жолаушылары үшін қосымша тексеру енгізілді. Air Astana және Asiana Airlines әуе компаниялары Оңтүстік Кореяға ұшатындар үшін ПТР-тестердің шынайылығын анықтау мақсатында сканерлеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына, сондай-ақ жасанды ПТР-тест анықталуына байланысты енгізілген қосымша шара екені белгілі болды.
Алматы халықаралық әуежайы әуе тасымалдаушыларын басқару комитетінің төрағасы, Asiana өкілі Всеволод Ким шетелге шыққан қазақстандықтардан жасанды ПТР-тест анықталатын жағдайлар жиілегенін айтты.
Мамырдың өзінде коронавирус жұқтырмағанын растайтын тесті көрсеткен Asiana Airlines әуе компаниясының 400 жолаушысынан вирус анықталған. Әрбір жағдай бойынша тергеу жүргізіліп, көп жолаушы ПТР-тестің жасанды екенін мойындаған.
"Қазір Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында рейс саны аз. Ал жаңағы аталған жағдайлардан кейін ұшақ салонын толтыру бойынша қосымша шектеу енгізілді. Осыған байланысты Оңтүстік Кореяның құзырлы органдары тарапынан рейске тіркеу алдында құжаттағы QR-код арқылы ПТР-тестердің шынайылығын тексеру ұсынылды", - дейді Ким.
Air Astana компаниясының жердегі қызмет көрсету жөніндегі аға менеджері Амансұлтан Тайлақов ПТР-тестер мен зертханалардың шынайылығын, вакцина құжаты мен оның түрлерін, әлеуметтік қашықтықтың сақталуын тексеруге байланысты әуежай мен әуе компанияларындағы қызметкерлердің жүктемесі артқанын айтты.
Тайлақов әуе компанияларының сайтында жарияланған елге кіру ережелерін мұқият меңгеруді сұрады.
"Әуежайға кіреберісте Ashyq қосымшасы арқылы тексеруден өту, онлайн-тіркеуді немесе өз бетінше тіркелу әдісін қолдану үшін әуежайға ертерек келуді сұраймыз. Тексеруден кейін үлкен залда күтіп отыра бермей, ұшаққа апаратын есікке жақындаған абзал. Сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты сақтауды ұмытпаңыздар", - деді ол.
Алматы әуежайының өкілдері алдағы уақытта қосымша тексеруді талап ететін халықаралық рейстер саны артады деп болжап отырғанын мәлімдеді.