НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Павлодар облысында он бес жастағы жасөспірім аттан құлап, өзенге батып кетті, деп хабарлайды өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Трагедия жақында кешке Жаңатілек ауылынан бес шақырым жерде, Баянауыл ауданында Ащысу өзенінде болды.
"2006 жылғы кәмелетке толмаған бала сыныптасымен бірге атпен серуендеп жүрген. Жылқыны суармақ болып, суға кіргенде аттан құлап, өзенге батып кетті. Жылқы жағаға жүгіріп шықты", - деп мәлімдеді полициядағылар.
Сыныптасы ересектерді көмекке шақырды. Алайда баланың әкесі ұлын құтқарып үлгермеді, деді Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Жаз басынан бері Павлодар облысының су қоймаларында кәмелетке толмаған үш бала суға кетті.