Қоғам

LRT-ны толық аяқтау үшін қосымша 1 миллиард доллар қажет – Көлгінов

Қазіргі кезде конкурстық процедуралар жүріп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысының қайта жанданғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Иә, құрылыс маусымына байланысты жұмыс қайта басталды. Бұрынғы шарттар қалды. Соның бәрі келісімшарттарда көрсетілген. Бізде қытайлық және жергілікті серіктестер бар. Барлық жұмыс келісімшарттар бойынша жүргізіліп жатыр", - деді Көлгінов онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі жұмыс "белсенді басталды" деп айтуға болмайды. Ондай жұмысты бастау үшін қаржы қажет. Ал қаражат түскен сайын құрылыс шаралары да жылдамдай түседі.

"Қазіргі кезде конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Банктерді таңдау қажет. Қаржы көздерін шешкеннен кейін белсенді жұмыс басталады", - деп атап көрсетті Көлгінов.  

Әкімнің айтуынша, қазіргі жұмыс қолда бар ақшаға басталып отыр. Ал LRT-ны толығымен аяқтау үшін қосымша 1 миллиард доллар қажет.

"Бас кезінде 2,6 миллиард доллар болған. Біз осы соманы 800 миллионға азайттық, былайша, ақшаны үнемдедік. Енді, вагон мен рельстер, жалпы, барлық инфрақұрылымды аяқтау үшін, шамамен, 1 миллиард доллар керек болып тұр", - дейді Көлгінов.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда LRT құрылысы қайта жандана бастады

Ал конкурстық процедуралар сыртқы заемды тарту бойынша жарияланады. Оған екінші деңгейлі банктер қатысып жатыр. Сырттан қажетті соманы тартқан ұйым жобаның жаңа инвесторы болады. Әкімнің айтуынша, қазақстандық банк те жаңа инвестор ретінде шығуы да мүмкін.

"Ішкі қаржы нарығында жобаға қатысамын деушілер болса, оларды да қарастырамыз. Бірақ БЖЗҚ қаралып отырған жоқ. Тек екінші деңгейлі банктер ғана", - сказал Алтай Кульгинов.

Инвестор жаздың аяғына дейін анықталады. Алайда Көлгінов LRT құрылысы қай кезде аяқталатынын айта алмады.   

"Бұған дейін осы құрылыстың аяқталу мерзімі жайында талай рет айтқан. Бірақ оны қайта-қайта шегеруге тура келді. Біз қаржы көзін анықтағаннан кейін келісімшартты рәсімдейміз. Сол кезде нақты жол картасы мен атқарылатын жұмыстардың кестесі болады. Сонда айтуға болады", - деді қала басшысы.