НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор-иммунолог Алмаз Шарман коронавируспен ауырып шыққан адамдарға ағзадағы антиденелердің көлеміне көп мән бермеуге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде әлем бойынша коронавируспен ауырып шыққан адамдарға вакцина салу тәжірибесі бар. Осы орайда маңызды екі мәселені атап өткен жөн. Біріншіден, коронавируспен ауырып шыққан адамға вакцина салынғаннан кейін иммундық жауап 10 есеге, бәлкім, 50 есеге күшейеді. Коронавирустан одан да күшті қорғайды. Сондықтан коронавируспен ауырып шыққан, содан кейін вакцина салдырған адамдар вирустан барынша қорғалған топқа жатады. Соның ішінде "дельтаға" да көп шалдықпайды", - деді Шарман орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда профессор коронавирустың "дельта" штаммына қатысты соңғы ақпаратпен бөлісті.
"Екіншіден, қазір "дельта" вирусының таралуына байланысты біраз ақпарат жиналды. Оған сәйкес, коронавируспен ауырып шыққандардың 20 процентінде ағзада антиденелер болса да, екінші рет індетке шалдығып жатады. Демек, аурудан кейін антиденелер болса да, вирусты қайта жұқтыру қаупі бар. Сондықтан коронавируспен ауырып шықсаңыз, үстінен вакцина алуға кеңес беремін", - деп атап көрсетті Шарман.
Оның айтуынша, антиденелер иммундық қорғаныстың басты элементі емес. Негізгі қорғаныс кемік майында орналасқан.
Оқи отырыңыз: "Спутник V" вакцинасының үнді штамына қарсы тиімділігі 2,6 есе төмен
"Вирусты "жаттап алатын" иммундық жасушалар көбірек қорғайды. Олар коронавируспен ауырып шыққан адамның қанында емес, кемік майында көп болады. Сондықтан антиденелердің болмауы адамда иммундық қорғаныс жоқ деген сөз емес. Сол сияқты антиденелер көп болса да, олар коронавирустан толығымен қорғай алмайды", - дейді Шарман.