Әлем

АҚШ-та ғимарат опырылып құлады: қаза болғандар саны 11 адамға жетті

150 адамның тағдыры әлі белгісіз күйде. Қирандыларды ашып тазалауға ауа райы кедергі келтіруде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым — Sputnik. АҚШ-та Флорида штатында ғимараттың опырылуынан қаза болған адам саны 11-ге жетті. Бұл туралы баспасөз конференциясы кезінде Майами-Дейд округінің мэрі Даниэлла Лавин Кава мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.

Бұған дейін оқыс жағдайдан 10 адам қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Жүз елуге жуық адам із-түссіз жоғалғандар есебінде тұр.

24 маусымда Майамидің қалалық агломерациясының құрамына кіретін Серфсайд қалашығындағы көпқабатты ғимараттың бір бөлігі опырылып құлаған. Билік онда орналасқан 130 пәтердің жартысына жуығы қирағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

New York Times жазғандай, үш жыл бұрын осы ғимаратта тексеру жүргізген инженер үй конструкциясында "қауіпті зақымдалу" бар екенін ескерткен.

Оқи отырыңыз: Қытайда көпқабатты үй құлап, адамдарды басып қалды – видео