НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым — Sputnik. Ақтөбеде 2020 жылы дау болған қаржы пирамидаларына қатысты сот отырысы басталды.
Сотталушылар қатарында 48 адам бар және оның ішінде 31 сотталушы қамауда отыр, деп хабарлады "Диапазон" газеті.
Тергеу мәліметінше, сотталушылардың барлығы "Гарант 24 Ломбард", "Естет Ломбард" және "Выгодный займ" пирамидаларының заңсыз қызметіне қатысқан.
Айыпталушылардың арасында жоғары білімі бар азамат көп. Алғашқы сот отырысында-ақ олар өздерінің құқы бұзылғанын, яғни айыптау актісі барлығына бірдей берілмегенін мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Баян Алагөзова жарнамалаған қаржы пирамидасының басшысы ұсталды
Басылымның хабарлауынша, айыпталушының бірі сот отырысы кезінде сырқаттанып қалып, "жедел жәрдем" шақыруға тура келді.
Сотталушылардың көбісінің қорғаушысы басқа өңірдегі адвокаттар. Алайда сот бейнеконференция режимін қамтамасыз ете алмауына байланысты олар әрбір сот отырысына келуге мәжбүр. Құқық қорғаушылар санитарлық талаптарға қатысты да наразылық білдірді.
"Қазір барлығымыз бір микрофонды қолданып отырмыз. Прокурорлар сөйлеген соң, оны бізге берді. Микрофон залалсыздандырылған жоқ. Ал елде пандемия өршіп тұр. Ақтөбе облысы "сары" аймақта тұр", - деді адвокаттың бірі.
Еске сала кетейік, жоғарыда аталған компаниялар салымшыларға банктегіден әлдеқайда жоғары сыйақы мөлшерлемесін беруге уәде еткен. Сонымен қатар пирамидалар қазақстандықтардан автокөлікті нарықтағыдан қымбат бағада сатып алып, бөліп төлеу арқылы есеп айырысуға уағдаласқан.
Алаяқтықтың беті ашылған кезде бұл компаниялардағы қызметкерлер мен оны ұйымдастырушыларға 17 мыңнан астам адам арыз жазған.