Қоғам

Балаева журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтады

Жыл сайын 28 маусымда Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым — Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандық журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің көптеген мемлекеттік процеске қосқан сүбелі үлесін жоғары атап өтті.

"Құрметті әріптестер, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл, тек қана қалам ұстаған журналистердің ғана емес, ақпарат саласында жүрген барлық қызметкерге ортақ мейрам. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Себебі, медиа тек ресми ақпарат таратудың құралы емес, ол – ұлттық қауіпсіздік пен идеологияның да өзегі. Мемлекет саясатын түсіндіруге, халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан, журналистердің қоғам алдындағы азаматтық және әлеуметтік жауапкершілікі өте жоғары", - деді Аида Балаева ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің YouTube-арнасында жарияланған құттықтау сөзінде.

Министр қазіргі уақытта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен халық үніне құлақ асатын мемлекет концепциясын қоса алғанда, елдегі бірқатар жоба журналистердің азаматтық ұстанымы мен кәсібилілігінің арқасында сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

"Әрбір журналистің бүгінгі күнделікті еңбегі арқылы мемлекетіміздің ертеңгі тарихы жазылып жатыр. Сондықтан ақпарат саласын жаңа деңгейге көтеріп, биік талғамды қалыптастырудағы еңбектеріңіз жана берсін", - деді Аида Балаева.

Біраз бұрын Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Аида Балаева отандық медиадағы кадрлардың төмен біліктілігі мәселесін көтеріп, өзі басқарып отырған министрлік бұл проблеманы қалай шешетіні туралы айтып берді. 

"Сол себепті біз бірқатар шара қабылдадық, олардың арасында бейінді факультет түлектерінің деңгейін көтеру, жұмыс істейтін кадрлардың біліктілігін арттыру және салалық, өңірлік журналистиканы дамыту бар. Қазір пандемияға байланысты туындаған кейбір қиындықтарға қарамастан, біз бейінді жоғары оқу орындарымен етене ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз: студенттерге елдің үздік редакцияларында практикадан өтуге мүмкіндік береміз, отандық және Түркия, Ұлыбритания, Ресей сияқты шетелдік журналистиканың корифейлерімен семинар өткіземіз", - деді сұхбат кезінде ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Оның айтуынша, жыл басынан бері медицина, діни және экология журналистикасы бойынша үш оқыту курсы өткізіліп, елдің барлық өңірінен 4 мыңға жуық адам қамтылды.

Қазақстанда БАҚ қызметкерлері күні 28 маусымда аталады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев журналистерді марапаттады

Бастапқыда бұл күн журналистика күні деп аталып, ол 10 мамырда мерекеленетін. Бұл күннің таңдалуы да тектен-тек емес: дәл осы күні қазақ тілді алғашқы басылым – "Түркістан уәлаятының газеті" ұңғыш рет жарық көрді.

Кейіннен мереке атауы баспа, радио және телевидение күні деп өзгерді. Ол жыл сайын маусымның соңғы жексенбісінде аталатын. Алайда 2011 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті төртінші билік иелері үшін 28 маусымды кәсіби мерекенің нақты күні етіп белгіледі.

БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді құттықтады. Ол өз елінің игілігі үшін қызмет ету, халықтың үніне айналу әрбір журналистің міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет басшысы жыл сайын 1 қазанда радио қызметкерлері күнін атап өтуді ұсынды.