НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Ресей Федерациясы федералды жиналысы федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Қазақстан парламенті сенаты баспасөз қызметінің мәліметінше, Матвиенко елімізде 2021 жылдың 27-28 маусымында болады.
"Сапар аясында сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Валентина Матвиенкомен екіжақты кездесуі өтеді деп жоспарланып отыр", - деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.
Ресей делегациясының сапары кезінде Қазақстан парламенті сенаты мен Ресей федерация кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 16-шы отырысы өтеді.
Екі елдің сенаторлары екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселені, соның ішінде аймақаралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, аэроғарыш саласындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ трансшекаралық өзендердің экологиялық мәселелерін қарастырады.