Өңірлер

"Күлейін бе, жылайын ба?": ақтөбелік зейнеткерге 33 теңге төлем тағайындалды

Төлемді алу үшін ол бірнеше күн бойы әртүрлі мамандарға жүгінген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik.  Ақтөбеде зейнеткер 1414 бірыңғай байланыс орталығынан оған төлем тағайындалғаны туралы хабарлама алады.

Төлемді алу үшін ол бірнеше күн бойы әртүрлі мамандарға жүгінген. Осылайша жолына 1000 теңге жұмсаған әйелге 33 теңге 19 тиын төленетіні белгілі болды, деп хабарлайды "Диапазон" басылымы.

Нелли есімді әйел 1414 нөмірінен халыққа қызмет көрсету орталығынан төлем алып кетіңіз деген бірнеше хабарлама келгенде жалған деп ойладым, дейді.  

Оған төлем жөнінде бес хабарлама келген. Кейін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің өзі қоңырау шалғаннан кейін орталыққа барады.

"Сөйтіп мен Түргенев бойында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Ол жерде маған банкке барып, шот нөмірін алуды өтінді. Банкке барып қайта келдім. Алайда бірде-бір қызметкер бұдан әрі не істеу керектігін түсіндіре алмады. Келесі күні келіңіз деді. Келесі күні бардым. Бір терезеден екінші терезеге жүгіртті. 2-қабаттағы №9-кабинетке жіберді. Өтініш толтырғаннан кейін маған тағайындалған төлем 33 теңгені құрайтынын айтты. Мен не жыларымды не күлерімді білмедім. Екі күнде жолыма 1000 теңгеден астам ақша жұмсадым. Бұл не мазақ? Оның үстіне 33 теңгені тек шілде айында ғана аламын", - дейді зейнеткер.

Халыққа қызмет көрсету орталығы мұндай төлем БЖЗҚ арқылы жүзеге асырылатынын, зейнеткерге 33,19 теңге тағайындалғанын айтты.