Қоғам

Мәдениет министрлігі Винокуровтың қызметтен кетуіне қатысты мәлімдеме жасады

"Astana-Premier Tech" велокомандасының бас менеджері және директорлар кеңесінің мүшесі Александр Винокуровты жұмыстан шығарған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі танымал велошабандоз Александр Винокуровтың "Astana-Premier Tech" командасынан шығарылғанына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

"Мәдениет және спорт министрлігі Astana-Premier Tech велокомандасы мен Олимпиада чемпионы, танымал шабандоз Александр Винокуровтың арасындағы жайттан бейхабар. Еліміздегі спорт саласына жауапты мекеме болғанына қарамастан министрлікке бұл ауыс-түйіс жайлы хабар берілмеді. Бұл жайт мәдениет және спорт министрлігін қатты алаңдатады", - делінген ресми хабарламада.

Осы орайда министрлік мамандары "Астана" президенттік спорт клубы мен оның қатарындағы барлық құрылымды мәдениет және спорт министрлігіне беру процесі жүріп жатқанын жеткізді. Жақын арада барлық процесс аяқталғаннан кейін Astana-Premier Tech велокомандасында болған жайтқа да құқықтық баға беріледі.

Айта кетейік, күні кеше "Astana-Premier Tech" велокомандасының бас менеджері және директорлар кеңесінің мүшесі Александр Винокуровтың қызметінен кеткені туралы ақпарат тарады. Француз басылымы Винокуров пен команда басшылығы арасында жанжалдың туындағаны жайында жазды. Ол басшылықтың екі спорт директоры - Александр Шефер мен Дмитрий Седунды жұмыстан шығару туралы шешіміне қарсы болған. Ақыры екеуі Gazprom – RusVelo командасына ауысып кетті.

Винокуровтың өзі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, команда басшылығы жіберген хатта төмен спорттық көрсеткіштер жұмыстан шығарудың негізгі себебі ретінде көрсетілген. Спортшы басшылықтың соңғы шешіміне таңғалып отыр. Оны тура "Тур де Франстың" қарсаңында жұмыстан шығарып тастаған.

"Иә, мені қызметтен шеттетіп қойды. Жазбаша түрде ескертті. Тура маусымның ортасында жылдың негізгі жарысы "Тур де Франстың" басталуына бірнеше күн қалғанда осылай жасап отыр. Бүгінде команда қоржынында 8 жеңіс пен 33 подиум бар. Оған қоса, маусым әлі аяқталған жоқ. Сондықтан қандай да бір қорытынды, ал ең бастысы, жұмыстан шығару туралы шешімді жасау орынсыз", - деді Винокуров РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, де-юре жұмыстан шығармаған, ал де-факто қызметінен босатты.