Қоғам

Ресейлік ғалымдар жердің шөлейттенуімен күресу әдісін ойлап тапты

20 миллион гектардан астам егістік жер мен 25 миллион гектардан астам жайылымды жер эрозияға ұшыраған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым–Sputnik. Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетінің (ҚалмМУ) ғалымдары жердің шөлейттенуіне қарсы күресте көмектесе алатын арнайы тұқым сепкіш техниканы, сондай-ақ өсімдік егуге арналған технологиялар ойлап тапты.

Олардың айтуынша, университеттің көп жылдық жобасы азып-тозған жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді және мол өнім алуды қамтамасыз етеді, деп хабарлады ЖОО баспасөз қызметі.

Ресейлік ғалымдар жердің шөлейттенуімен күресу әдісін ойлап тапты

ҚалмМУ ғалымдары хабарлағандай, Жердің көп аймағында қолайсыз климат пен егін шаруашылығын дұрыс жүргізбеу жем-шөптік жерлердің тозуына және аридті, яғни құрғақ аумақтарда өсетін өсімдіктердің азаюына алып келуде. Соның салдарынан жайылым және егістік жерлердің құнары қатты төмендеп, құмды топырақ жайыла қалыптасып, шаңды дауыл тұрады.

Ғалымдардың пікірінше, Арал маңы – осы типтегі ең күрделі өңірлердің бірі. Жердің мүжілуі мен шөлейттенуі ауқымды экологиялық апатқа және Қазақстан мен өңірдегі басқа елдердің аумағында ауыл шаруашылығы өнімділігінің құлдырауына алып келуде. Мысалы, Қазақстанда 20 миллион гектардан астам егістік жер мен 25 миллион гектардан астам жайылымды жер белсенді мүжілуге тап болған, дейді ҚалмМУ мамандары.

Тозған топырақтың ауқымды түрде қалпына келуі немесе жақсаруына кедергі болып отырған негізгі проблема – мал азығы өсімдіктері тұқымының жетіспеушілігі. Олардың жабайы түрде өсетін популяциясы стандартты сападағы қажетті дән көлемін қамтамасыз етуге жарамсыз болып отыр. Университет инженерлерінің жаңа ауқымды жобасы осы проблеманың шешімін табуға бағытталған.

"Шөл басу және топырақтың тозуы өте жылдам жүріп жатыр. Сондықтан аридті мал азығы өсімдіктерінің өнеркәсіптік тұқым шаруашылығы жүйесін енгізу кейінге қалдыруға шыдамайтын мәселе болып отыр. Бұл қиындықтан шығуға арнайы тұқым себу мен шөп және жаңа орман алқабын қалыптастыру есебінен табиғи өсімдіктер қауымдастығының ортасын жақсарту көмектесе алады", - дейді ҚалмМУ инженер-технология факультетінің деканы, агроинженерия кафедрасының профессоры Валерий Эвиев.

Ресейлік ғалымдар жердің шөлейттенуімен күресу әдісін ойлап тапты

Ғалымдар ҚалмМУ мамандарының тәжірибесі бірқатар елдегі агроинженерлер үшін пайдалы болатынына сенімді. Олардың қатарында Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Моңғолия мен басқа да мемлекет бар. Университет жанынан Фитомелиорант, яғни топырақ сапасын жақсартатын жемшөп дақылдарының тұқым шаруашылығы орталығы ашылған. Орталықта өнеркәсіптік агрошаруашылыққа бейімделген жаңа сұрыптардың селекциясы жүргізіледі.

ҚалмМУ ғалымдарының есебі бойынша аталған жобаны іске асыру қалпына келтірілген жайылымдық жердің әрбір гектарынан алынатын жемшөптің жалпы өнімін 2 тоннаға дейін, ал маусым кезінде 5000 гектар жерде жайылатын мал етінің жалпы өсімін 650 тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.

Қалыпты агротехникалық машиналар аридтік дақылдармен жұмыс жасаған кезде жер қыртысы мен өсімдіктерге үлкен зиян келтіреді. Сондықтан ҚалмМУ ғалымдары көлемі шағын техниканы қолдану арқылы жемшөпті фитомелиоранттарды егу технологиясын әзірлеп жатыр. Сонымен қатар тұқымды себуге жарамды жоғары деңгейге жеткізу бойынша механикалық тазалау және реттеу технологиялары белсенді жетілдірілуде.

Сондай-ақ университетте изен, қараматау және теріскен секілді өсімдіктерге арналған арнайы тұқым сепкіш құрастырылған. Ол техника РФ патентімен қорғалған. Ғалымдардың айтуынша, 10 мың гектар жердің құнарын қалпына келтіруге арналған изен тұқымының қажеттілігі жыл сайын шамамен 100 тоннаны құрайды. Оқу орны әзірлеген тұқым сепкіш аппарат ұрықты топыраққа біртегіс етіп себуге мүмкіндік береді.

Олардың айтуынша, университет мамандары ойлап тапқан шешімдер ардитік жемшөп өсімдіктері тұқымының өндірісіне арналған әмбебап өнеркәсіптік технологияны әзірлеудің негізі болады.