Өңірлер

"Вакцина салып, пәтер ұтып ал": тағы бір облыс ұтыс жариялады

Ұтысқа 22 маусымнан бастап коронавирусқа қарсы вакцина салдырған кез келген облыс тұрғыны қатыса алады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Маңғыстау облысында "Вакцина салдырып, екі бөлмелі пәтер ұтыл ал" акциясы басталды, деп хабарлайды Sputnik ҚазақстанТумба.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, ұтысқа 22 маусымнан бастап коронавирусқа қарсы вакцина салдырған кез келген облыс тұрғыны қатыса алады.

Ол үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, екпе салдыру қажет. Одан кейін QR-код арқылы сайтта тіркелу керек.

"Әр жұма сайын бағалы сыйлықтар ойнатылады. Соның ішінде мобильді телефондар мен тұрмыстық техника бар. Ал бір айдан кейін Ақтаудағы 2-бөлмелі пәтер ұтысқа шығарылады", - дейді ұйымдастырушылар.  

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі вакцинаны жаңадан салдыратын адамдар арасында екі бөлмелі пәтердің ойнатылатынын мәлімдеді. Ұтыс ойынына қала емханаларында немесе сауда ойын орталығы, сауда үйі пункттерінде екпе алған қала тұрғындарының бәрі қатыса алады.

Оқи отырыңыз: Вакцина салдырғандар арасында екі бөлмелі пәтер ұтысқа тігіледі – Алтай Көлгінов

"Ал пәтер ұтыс ойынына осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады. Қыркүйек айының басында нәтижесін жариялаймыз. Конкурстың әділ өтуі және вакцинацияланғандарды толығымен қамту үшін (көрсетілген кезеңде) IT-қоғамдастықты жұмылдырамыз", - деп атап өтті қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қала халқының 60%-тен астамы вакциналануы қажет.