Оқиға

Субұрқақтағы оқиға: дәрігерлер зардап шеккен әйелдің жағдайы туралы айтты

Оңтүстік астананың қоғамдық денсаулық басқармасында фонтанда тоқ соққан әйел мен екі қыз баланың жағдайы туралы айтып берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым - Sputnik. Фонтандағы тоқ соққан әйел жасанды тыныс алдырту аппаратынан ажыратылды. Алайда ол әлі де ауыр күйде жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Бұл туралы Алматының қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

"Әйел адам ауыр жағдайда реанимация бөлімінде жатыр. Ол жасанды тыныс алдырту аппаратынан ажыратылды, өздігінен тыныстап жатыр", - деді басқармада.

Ведомствода балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығында жатқан зардап шеккен екі қыздың жағдайы туралы айтып берді.

"Екеуінің де жағдайы тұрақты, шағымдары жоқ, ем алуда. Олар бейіндік бөлімде жатыр", - деді баспасөз қызметі.

Еске салсақ, сейсенбіде хабарланғандай, сегіз жастағы қыз реанимациядан бейіндік бөлімге ауыстырылды.

Фонтанда тоқ соғу оқиғасы

19 маусымда күндіз Қазақ мемлекеттік циркінің ғимараты жанындағы фонтанда оқыс оқиға болды: фонтандағы суға түспек болған екі қызды тоқ соғып, оларды құтқарамын деген әйел де зардап шекті. Олар ауруханаға жеткізілді.

Куәгерлердің айтуынша, 19 жастағы студент Абылай Балапанов зардап шеккендерді құтқарған. Сондай-ақ 40-50 жас шамасындағы ер адам да көмектескен.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы алматылық студентті марапаттады

Фонтанға қызмет көрсететін компания мәлімдегендей, электр сорғыларын дайындайтын зауыт 100% деңгейде электр тоғын өткізбейтініне кепілдік бермейді. Сонымен қатар ECO Almaty басшысы Жанна Асанова фонтан  айналасына "Шомылуға тыйым салынады!" деген ескерту тақтайшалары көп жерге орналастырылғанын айтты.