НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым — Sputnik. 7-8 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Астана форматында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 16-шы халықаралық кездесу өтеді, деп хабарлады сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
"Алдағы кездесуде кепілгер елдер - Иран, Ресей және Түркия, сондай-ақ Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдерінің қатысуы жоспарлануда. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ирақ пен Ливанның жоғары деңгейдегі өкілдері қатысады", - делінген хабарламада.
Келіссөздердің күн тәртібіне келесі мәселелер кіреді: Сириядағы, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал; Сирияға халықаралық ізгілік көмек көрсету; Женевадағы сириялық конституциялық комитет жұмысының жандану перспективалары; тараптар арасындағы сенімді нығайту, оның ішінде тұтқындармен алмасу, кепілге алынғандарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады
Келіссөздердің бірінші күні екіжақты және кепілгер елдердің үшжақты консультацияларын, сириялық тараптармен келіссөздер, бақылаушы тараптардың делегацияларымен байланыстар, ал екінші күні консультацияларды жалғастыру және жалпы отырыс өткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар кепілгер елдердің, БҰҰ және Халықаралық қызыл крест комитеті сарапшыларының қатысуымен мәжбүрлеп ұсталып отырған тұлғалар бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы жоспарлануда.