Қоғам

Нұр-Сұлтанда вакцина салдыратындар күрт көбейді – видео

Елордада "дельта" штаммы анықталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін екпе салу пунктерінде адам саны күрт өскен 
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцина алғысы келетіндердің саны екі есеге өсті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, астанада "дельта" штаммы анықталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін екпе салу пунктерінде адам саны күрт өсті.  Мәселен, өткен аптамен салыстырғанда бұл көрсеткіш тәулігіне екі есеге артты.

"24 маусымдағы жағдай бойынша вакцинаның алғашқы дозасын 190,5 мыңнан астам азамат алды. Тұрғындар өз денсаулығына және өзгелердің денсаулығына жауапты екенін түсініп келеді. Біз мұны "Дельта" штаммының (үнді штаммы деген атаумен белгілі) қауіптілігін түсіне бастағандығымен байланыстырамыз", — дейді мамандар.

Бұдан бөлек, екпе алатындардың арасындағы ұтыстар да өз нәтижесін беріп жатыр. Сауда үйлерінде орналасқан екпе пунктерінде компьютерлік және тұрмыстық техника, жеңілдік купондары мен сертификаттар ойнатыла бастады.

Осы бастамаға "Мечта" электроника және тұрмыстық техника дүкендерінің сауда желісі де қосылуға ниет білдірді.

Ал Mega Silk Way вакцинаның бірінші дозасын алғандар арасында автокөлік ұтысқа салатынын жариялады. Осыдан кейін сауда орталығында вакцина алғысы келетіндердің саны айтарлықтай өсті. Өткен тәуліктің өзінде 450-ге жуық адам вакцина алды. Бұған дейін адам саны екі жарым есеге аз болған.

"Біз вакцинация пункттерінде екпе алғысы келетіндердің саны артып келе жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, "Еуразия" сауда үйінде бұрын күніне 50-60 адам вакцина алса, кеше шамамен 100 адам қабылдадық. Сондай-ақ емханаларымызда да вакциналаудың өсуі байқалады. Кеше кешке 50-ден астам адам егілді, ал өткен тәулікте вакцина алғандардың саны 100-ге дейін өсті. Қала тұрғындары жаңа штаммды жұқтырмас үшін қауіптене бастағанын айтады, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастағаны бізді қатты қуантады", — дейді №6 емхананың басшысы Динара Байсеркина.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі вакцинаны жаңадан салдыратын адамдар арасында екі бөлмелі пәтердің ойнатылатынын мәлімдеді. Ұтыс ойынына қала емханаларында немесе сауда ойын орталығы/сауда үйі пункттерінде екпе алған қала тұрғындарының бәрі қатыса алады.

Оқи отырыңыз: Алматыда тағы бір адамнан коронавирустың үнді штаммы анықталды

"Ал пәтер ұтыс ойынына осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады. Қыркүйек айының басында нәтижесін жариялаймыз. Конкурстың әділ өтуі және вакцинацияланғандарды толығымен қамту үшін (көрсетілген кезеңде) IT-қоғамдастықты жұмылдырамыз", - деп атап өтті қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қала халқының 60%-тен астамы вакциналануы қажет.