АЛМАТЫ, 24 маусым – Sputnik. Осыдан 18 жыл бұрын екі түйемен басталған кәсіп бүгінде жүйеге түсіп, Қазақстан мен алыс-жақын шетелге түйе сүтінің өнімін ұсынып отыр. Алматы облысының тұрғыны Абай Сүлеймановтың отбасы алдымен ішкі сұранысты қанағаттандырып, содан кейін отандық өнімді экспорттауға ден қоймақ.
Sputnik Қазақстан тілшісі Алматыдан 120 шақырым жердегі Ақши ауылына барып, әрі қарай ауылдың сыртындағы шаруа қожалығының жұмысымен, шұбаттың жасалу жолымен танысты.
Негізгі өнім – түйенің сүті мен шұбат
Түйе малының пірі "Ойсылқара" атымен аталатын мал шаруашылығы 2003-2004 жылдар аралығында Ақши ауылы ішінде дамыды. Мал басы көбейген соң ауылдан жиырма шықырым жерге көшірілген. Иен далаға ел қондырып, қора соққан. Шаруашылықтың жұмысымен бізді Абай Сүлеймановтың ұлы Ердәуіт таныстырды.
"Әкем малды жақсы көреді, ішінде түйе шаруашылығына жақын болды. Достары да осы кәсіппен айналысатын. Содан кейін өзі екі түйе алып, жұмыс істеді. Ол кезде біз бала едік. Көзімізді ашқалы түйе көрдік, бала күнімізден түйемен ойнадық. Ол кезде Ақшиде түйе аз болатын. Әкемді осы ауылға алғашқылардың бірі болып түйені алып келген деп айтуға болады. Ал қазір ауылда түйе кәсібімен айналысатын үлкен-үлкен шаруашылықтар бар", - дейді Ердәуіт.
Қазір отбасының 70 түйесі бар, оның ішінде 16 түйені күнделікті екі мезгіл сауады. Қожалық иесінің сөзінше, әр түйе сауған сайын 3-6 литр шамасында сүт береді. Ал жаңадан боталаған түйелер күніне үш рет сауылады. Осылайша күн сайын 52-53 лирт сүт айналымға түседі.
"Негізгі өнім –түйенің сүті мен шұбат. Одан бөлек түйенің жүні өтеді. Бізге Қазақстанда ғана емес, шетелден де түйенің жүнін сұрайды. Жүнінен киім тігетіндер, дамыған шаруашылықтар хабарласады. Ғаламторға өзіміз жайлы ақпарат енгізіп қойғанбыз, сол арқылы табады", - дейді ол.
Қыста түйенің жүні түлейді. Сол кезде оны жұлып, қапқа салып, орайды. Салмағы көрсетіліп, тұрақты тапсырыс берушілерге жолданады. Алайда бұл қосымша табыс. Ал шығынды түйенің сүті мен шұбат өтеп отыр.
"Қазір түйенің зәріне де сұраныс бар. Науқастығы бар кісілер түйенің зәрін сүтімен араластырып ішеді. Қант диабеті, асқазан аурулары бар адамдар, гепатит секілді аурулары бар кісілер жиі хабарласады. Кейбірі осында келіп, түйенің сүтін сауған күйде ішкісі келеді. Алайда оған дәл қазір мүмкіндік жоқ. Арасында қалада өсіп, малдың қандай болатынын көрмеген балаларын алып келетіндер бар. Оларға да ауыл тіршілігін, мал шаруашылығының бір күнін көрсетеміз, кішігірім туризм деп айтуға келетін шығар", - дейді Ердәуіт.
Шаруашылыққа берілетін несиенің шикілігі
Кәсіп иелері шаруашылықтың көлемін арттыруға ниетті. Алайда мемлекет тарапынан қолдау көрмей отырғанын, ауыл шаруашылығына берілетін несиенің жарнамасына сай келмейтінін айтты. Бірнеше рет несие алу үшін банктің есігін қаққанымен, талаптары тиімсіз шыққан.
"Бізге хабарласып, түйе ұстап отырған жердің басына барып сүт ішсек дейді. Қызығып, көргісі келеді. Осы маңға демалыс орнын салу жоспарымызда бар. Емделуге, демалуға келушілердің барлық жағдайын жасап қойғымыз келеді. Ал оны іске асыруға уақыт пен қаражат қажет. Әрине, қажырлы еңбекті талап етеді. Мемлекеттен гранттар, тиімді талап пен төмен пайызбен несие берілсе, бұл ойымыз да жүзеге асып қалар", - дейді Ердәуіт Айтбай.
Оның пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстар ел ішінде дамыса, әрі қарай шет елден де қызығушылық болады. Алайда кәсіпкерлер ең алдымен жергілікті тапсырыс берушілердің сұранысына өнімнің көлемі жағынан жауап беруді ойлап отыр. Қазір бұл жерде күнінен 53 литр сүт алынса, келер жылы бұл көрсеткішті екі есе арттыру жоспарланған.
"Сүтке деген сұраныс жақсы. Күнделікті сауылатын 50-53 литр жетпей жатыр. Дайын болған соң бірден сатылып кетеді. Кей тұтынушы үлгере алмай, ренжиді. Бергің-ақ келеді, себебі көп адам мұқтаж. Біреу қонаққа алып барады. Бұл жерде қазақы дәстүр де бар, қазір той-томалаққа шұбат қояды. Істі адал атқарған соң қайта іздеп келетіндер көп", - дейді ол.
Ал сатып алушылар шаруашылық туралы Instagram желісінен біледі. Ол жақта күнделікті фотолар жарияланып, жарнамасы да жолға қойылған. Одан бөлек жарнама сайттарынан ақпарат алып, хабарласуға болады.
"Тапсырыстың 70-80%-і Алматы қаласынан түседі. Қалаға жақын болғандықтан 5 литрден көп тапсырыс берсе, өзіміз жеткізіп береміз. Қазақстанның барлық қаласынан сұрайды. Ақтауда түйе бар, басқа өңірдің бәрінен хабарласады. Тіпті Дағыстаннан, Татарстаннан хабарласады, Мәскеуге де жібереміз", - дейді ол.
Экспорттан ішкі нарық маңызды
Түйеге де арнайы бап керек. "Ойсылқара" мал шаруашылығында түйелерге қыста жем-шөбін беру, жазда жайылымға жіберумен, ауырса, дәрісін егумен түйеші Қуантай айналысады. Жары Қамажай екеуі екі жақтап түйе сауады. Он жылдан бері түйе бағумен айналысатын бес баланың ата-анасы бұл жерде бір жылға жуық уақыттан бері жұмыс істейді.
Айтуынша, бұл шаруаның өз қиындығы бар. Мысалы жан-жағында көрші-қолаң болмаған соң азынап жел соғады, жазы ыстық, қыс – аяз. Алайда олар табиғаттың мұндай құбылысына үйренген. Бәрі өткінші екенін түсініп, оған мән бермейді.
Қуантай мен Қамажай түйені сауып, сүтін арнайы ыдысқа құйып қояды. Кәсіп иесі белгіленген уақытта келіп, алып кетеді. Шұбатты әзірлеумен отбасы мүшелері өздері айналысады. Сүтке ашытқы салып, тапсырыс берушінің талғамына сай әзірлейді. Шұбаттың толық дайын болуына 1-2 күн кетеді.
"Жұмыс көп болғандықтан малдың басында өзіміз отыра алмаймыз. Сол себепті отбасы аламыз. Мал шаруашылығымен он шақты жыл жүріп, тәжірибе жинаған кісілерді алдық. Ал жалпы түйе шаруашылығында ең көп шығын қыстыгүні жем-шөптен келеді. Бұл тек түйеде ғана емес, барлық шаруашылықта сондай шығар. Қысқа алдын ала дайындаламыз", - дейді Ердәуіт Айтбай.
Шаруашылықтағы қиындықтарға қарамастан ел ішінде отырған отбасы шұбат бағасын негізсіз көтермейді. Тіпті тұрақты бағасын сақтап тұрады.
"Түйе сүтінің, шұбаттың бағасы ауыса бермейді, тұрақтылығын сақтайды. Жеке кәсіп болғандықтан жан-жағымызға қараймыз. Жем қымбаттайды, шөп қымбаттайды. Соның бәрі ескеріледі. Бірақ халыққа да қараймыз, елдің де қалтасына салмақ түсірмейтін, бізге де тиімді етіп белгілейміз", - дейді ол.
"Қазақстанда түйе көп, соны дамыту керек. Экспортпен айналыспай тұрып, өзіміздің елде жұмысты тиянақты істеп, жолға қойып алуымыз керек. Одан кейін экспортқа сұраныс өзі болады деп ойлаймын", - деді Ердәуіт.
Оның сөзінше, түйе шаруашылығына қызығушылар кейінгі жылдары көбейген. Себебі осы саланы бастауға кеңес сұрайтындар мен түйе сатып алу кезінде көмек сұрайтындар бар. Шаруашылығын бастап жатқандар бар, әлі де болады деп сенемін, деп түйіндеді сөзін кәсіп иесі.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алуға рұқсат етіледі
Шұбат кәсібі – кезеңдік емес, қысы-жазы жүргізілетін кәсіп. Тек шыдам мен өз ісін адал атқаруды талап етеді. Әрине, сенімді адамның шаруа қожалығына жауап беруі үлкен рөл атқарады. Мұнда қазақы болмыс, ескі мен жаңаның үндесуі байқалады. Көпшілік қалаға барып кәсіп ашуға ұмтылса, бұл қожалық иелері бір де бір заманауи техниканың көмегінсіз шалғайда кәсібін жүргізіп отыр. Мұндайда "мал өсірсең, түйе өсір, пайдасы оның көл-көсір" деген халық даналығы еріксіз ойға оралады.