Қоғам

Қазақстанда карантин күшейтіледі – комиссия шешім қабылдады

Вакцина салдырудан бас тартатын қызмет көрсету саласының, өнеркәсіп кәсіпорындарының және өзге де ұйымдасқан ұжымдардың қызметкерлері үшін міндетті ПТР-тестілеу талабы енгізіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Коронавирус инфекцияcының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігеріне карантинді күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды ұсынды, деп хабарлады primeminister.kz.

Нұр-Сұлтан қаласында "Дельта" ("Үнді") штаммына тән COVID-19 мутациясының анықталуына байланысты ведомствоаралық комиссия бірқатар ұсыныс дайындады. Олар: 

  • COVID-19-ға қарсы вакцинасыз (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып шыққан адамдарды қоспағанда) қызмет көрсету саласының қызметкерлері, ірі ұйымдасқан ұжымдар (өнеркәсіптік кәсіпорындар) үшін жұмысқа кіруге шектеу енгізу;
  • КВИ-ға қарсы вакцина алудан бас тартатын (КВИ-ға қарсы вакциналауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтар) қызмет көрсету саласының, өнеркәсіп кәсіпорындарының және өзге де ұйымдасқан ұжымдардың қызметкерлері үшін міндетті ПТР-тестілеу талабын енгізу;
  • "Ashyq" жобасына жаңа кәсіпкерлік субъектілерін қосу үшін, сондай-ақ жоба аясында жұмыс істеп тұрған субъектілердің жұмысын одан әрі жалғастыру үшін барлық персоналды (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып шыққан адамдарды қоспағанда) вакциналау қажеттілігі жөнінде талап енгізу;
  • "Ashyq" жобасына сауда ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлері мен азық-түлік емес базарларды қосу.

Айта кетейік, үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр Асқар Мамин елордада коронавирустың "Дельта" штаммына тән мутацияның анықталуына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейтуді тапсырды. Себебі осы мутацияның таралу жылдамдығы өте жоғары, тез өршиді және салдары анағұрлым ауыр. 

Нұр-Сұлтан әкімдігі қосымша карантиндік шектеулер енгізу туралы шешім қабылдады. Елордада вирус жұқтырған 54 науқастан қосымша тексеріс үшін сынамалар алынған. Талдау қорытындысы бойынша пациенттердің 56%-інде "Дельта" штаммының ықтималдығы анықталды.