Денсаулық

Тері меланомасы туралы не білу керек: емдеу және алдын алу

Меланома – бұл ең агрессивті қатерлі ісіктің бірі және бұл жаңа түзіліс тез өседі әрі метастаздалуға бейім. Көп жағдайда меланома адам терісінде орналасады және бірден байқалады. Алайда адамдар оны қал немесе "түсініксіз бір жара" деп қабылдайды
Sputnik

Меланома құрамында қара пигмент – мелатонин бар жасушалардан – меланотоциттерден түзіледі. Адамдардың меланомаға шалдығуы бүкіл әлемде артып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2025 жылға қарай бұл дертке шалдыққандар саны 25%-ке өседі деп байбалам салуда. ДДҰ осы ауру туралы көп мағлұмат алып, оның алдын алу шараларымен танысуға кеңес береді.

Тері меланомасының белгілері

Көп жағдайда меланома адам терісінде орналасады және бірден байқалады. Алайда адамдар оны қал немесе "түсініксіз бір жара" деп қабылдайды. Меланоманы пайда болған дақтың әдеттегіден өзгеше түсі, көлемінің өзгеруі, ауырсынуы, қанауы, ондағы түктердің түсуі арқылы байқауға болады. Сонымен қатар жақында ғана пайда болған, пішіні өзгеше, шеттері біртегіс емес қалға да мән беру керек. Сондай-ақ меланома кезінде жақын орналасқан лимфа түйіндері де ұлғая түседі. Ол шаптағы түйіндер, сондай-ақ қолтықтағы немесе мойындағы лимфа түйіндері болуы мүмкін. Алайда барлық қал терінің қатерлі ісігі емес және терінің барлық қатерлі ісігі меланома емес екенін есте ұстау керек. Себебі терідегі жаңа түзілістің қатерлі агрессивті емес түрлері де бар.

Тері меланомасын жіктеу

Меланоманың бес даму кезеңі бар: ол нөлден төртке дейін болады. Нөлдік кезеңде жаңа түзіліс тек эпидермисте – терінің үстіңгі бетінде болады және тереңге тарамайды. Бірінші кезеңде оның қалыңдығы бір миллиметрден аз болып, ол баяу өседі және метастаз пайда болмайды. Екінші кезеңде терідегі өзгеріс едәуір байқалып, қабыршықтану, жараға айналу, қанау және кейде ауырсыну болады. Бірақ жекелеген органдар және лимфа түйіндері әлі де зақымдалмаған. Меланома үшінші кезеңде метастаздана бастайды. Бұл кезеңде науқастарға хирургиялық емнен бөлек дәрі терапиясы, кей жағдайда сәулелік терапия тағайындалуы мүмкін. Соңғы кезеңде ауру басқа органды, соның ішінде бауыр, өкпе және миды зақымдап, оның салдары тым ауыр болуы мүмкін.

Тері меланомасын емдеу

Меланоманы емдеу әдісі ауру қай кезеңде анықталғанына байланысты болады. Бірақ ол барлық кезде хирургиялық әдіспен жаңа түзілісті алып тастауды қамтиды. Нөлдік кезеңнен басқа барлық кезеңде меланомаға жақын түйінге биопсия жүргізіледі және қажет болған жағдайда оны да алып тастайды. Келесі кезеңдерді аурудың өршуіне қарай химиотерапия, таргетті терапия (қатерлі ісік жасушасындағы белгілі бір нүктелерге бағытталған медикаментті емдеу) немесе иммундық-онкологиялық терапия тағайындалуы мүмкін. Аурудың соңғы кезеңінде тек паллиативті терапия – симптомдарын жеңілдету және ауырсынуды басу әдістері ғана қолданылады.

Тері меланомасының диагностикасы

Меланоманы адамның өзі де және жалпы тексеру барысында дәрігер байқауы мүмкін. Бірақ оны тек онколог дәрігер (онкодерматолог) растайды. Себебі бейіндік мамандар мұндай ауруды көп кездестіре бермейді және оларда арнайы аспап – дерматоскоп (эпилюминесцентті микроскоп) жоқ. Оны қолдану барысында онколог терінің үстіңгі қабатының астына үңіліп, күдікті жаңа түзілістің құрылысын үлкейтіп көре алады.

Жараға айналу байқалған жағдайда дәрігер жарадан жұғынды алып, оған микроскоп арқылы зерттеу жүргізе алады. Сонымен қатар тәжірибеде биопсия да қолданылады. Бірақ мамандар бұл әдісті аса сақтықпен қолданады. Себебі түзілісті жарақаттау қатерлі ісіктің ұлғаюын тудыруы мүмкін. Сондықтан хирург жаңа түзілісті айналасындағы сау терімен бірге алып, ол материалды шұғыл түрде микроскоп арқылы қарайды. Егер диагноз расталса, онда қажет жағдайға қосымша операция жүргізіледі. Сонымен қатар метастаздың бар-жоғын анықтау үшін басқа органдар да тексеріледі. Алғашқы метастаз көрші жатқан лимфа түйінінде байқалатындықтан, міндетті түрде оған биопсия жасалады.

Заманауи емдеу әдістері

Бүкіл әлем бойынша дәрігерлер, ғалымдар мен фармацевтикалық компаниялар меланомаға үлкен қызығушылық танытып, емдеудің жаңа әдістерін әзірлеу үздіксіз жүргізіліп жатыр. Тәжірибе кезінде олардың барлығы бірдей тиімді бола бермейді. Алайда кейбірі қатерлі ісіктің осы түрін емдеудің жаңа перспективасын ашып жатыр. 2020 жылдың ақпанында Ресей клиникалық онкология қоғамының (RUSSCO) дәрігерлері меланомаға шалдыққандардың өмір сүрудің бес жылдық шегінен асуы айтарлықтай артқанын хабарлады. Бұл дәрілік терапияның – таргетті және иммундық-онкологиялық терапияның арқасында мүмкін болып отыр. Сонымен қатар мамандар меланома қауіпті қатерлі ісіктің бірі ретінде біршама бәсеңдегенін және терапия кезінде қолданылатын препараттар тұрақты жетілдіріліп отырғанын айтуда.

Меланоманың алдын алу

Меланома профилактикасының негізгі және маңызды әдісі – күннен қоғану. Бала кезде күн көзіне бір рет қатты күйіп қалудың өзі меланома пайда болу қаупін арттырады. Сондықтан күндіз күн көзінде ұзақ уақыт жүрмей, солярийге тым құмартпаған дұрыс және күн сәулесіне қарсы майларды үнемі жағып жүрген абзал. Сондай-ақ аталған майлар А ултракүлгінінен (УКА) және В ультракүлгінінен қорғайтынына және күннен қорғайтын факторы (SPF) 15-тен төмен емес екеніне көз жеткізу қажет. Жағажайда мұндай майларды әрбір екі сағат сайын, балаларға одан да жиі қайталап жағу керек. Ал қалалық жерлерде күнге қарсы майды дәл үйден шығарда емес, күн көзіне шығардан 15-20 минут бұрын жағу қажет.

Көзді де күн сәулесінен қорғаған дұрыс. Сондықтан қара түсті көзілдірікті сенімді жерден сатып алу және оның UV 400 таңбасы болуы әрі УК сәулелерден 100% қорғайтынына көз жеткізу керек.

Профилактикалық мақсатта дерматоонкологқа қаралу кезінде дәрігер күн сәулесіне қарсы негізгі амалдардан бөлек "қалдардың күнделігін" жүргізуге кеңес беруі мүмкін. Бұл адам денесіндегі қалдың санын, көлемін және пішінін жазып жүруге дағдыландырады.