Мәдениет

Стивен Кингтің "Жасыл миль" кітабы қазақ тілінде жарық көрді

"Жасыл миль" романында Луизиана штатында орналасқан "Суық тау" түрмесіндегі оқиғалар баяндалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Американың танымал жазушысы Стивен Кингтің "Жасыл миль" кітабы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. Оны "Фолиант" баспасы шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Стивен Кинг –  көптеген бестселлер туындылардың авторы. Оның фэнтези, мистика, триллер, детектив, қорқынышты оқиғалар сияқты түрлі жанрда жазған 300-ге жуық әңгімесі мен романы бар. Түрме мен қылмыс әлемі туралы шығармалары да үлкен сұранысқа ие. Соның бірі – "Жасыл миль" романы.

Жазушы оны 1996 жылы аяқтаған. Бұл шығарма жұрттың ерекше ықыласына ие болды. 1999 жылы роман желісі бойынша көркем фильм де түсірілді. Содан бері 20 жыл өтсе де, ол фильм әлі күнге дейін әлемдегі үздік кинокартиналардың көшін бастап тұр.

"Жасыл миль" романында Луизиана штатында орналасқан "Суық Тау" түрмесіндегі оқиғалар баяндалады. Өлім жазасына кесілгендерді жазалауға арналған Олд Спарки электр орындығына апаратын дәлізді тұтқындар "Жасыл миль" деп атап кеткен.

Оқи отырыңыз: Елордада Астрид Линдгреннің әйгілі кітабы алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді

Бұл жерде күзетшілер әртүрлі тұтқындардың, әр алуан жағдайлардың куәсі болады. Бір күні "Суық тауға" Деттериктердің кішкентай егіз қызын өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген Джон Коффи жеткізіледі. Міне, сонда түрме бақылаушысы Пол Эджкум мен басқа күзетшілер кей жағдайлардың біз ойлағаннан әлдеқайда басқаша екеніне көз жеткізеді. Кейде қылмыскердің адамгершілігі қарапайым адамнан да артық болуы мүмкін. "Е" блогындағы тұтқындар үшін ажал өмірдегі барлық қайғы-қасіреттен арылудың жалғыз жолы болып қалады.

Жазықсыз жазаға ілінген қара нәсілді Джон Коффидің ерекше қасиеті, оның адамдарға деген мейірімділігі, адамгершілігі шығармада шебер көрініс тапқан. Аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған түрмедегі сан алуан тағдыр, адами қарым-қатынастар бейнеленеді. Бұл жерде де жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен зұлымдық қатар жүреді.

"Стивен Кингтің жазу стилі өте ерекше. Ол оқырманды шығарманың басынан бастап-ақ еліктіріп, елітіп әкетеді", – дейді романды қазақ тіліне аударған Мира Сембайқызы.

"Жасыл миль" – жазушының мистикалық шығармаларының бірі. "Суық тау" түрмесінің бұрынғы бақылаушысы, бас кейіпкер Пол Эджкумның естеліктері ретінде баяндалатын оқиға бір адамның ғұмырына татиды. Жазушы зұлымдық пен мейірімнің тартысын, таразыға түскен адамгершілік құны мен өмірдің баянсыздығын оқырманға ерекше тәсілмен жеткізген. Өмірдің сан алуан соққысына тойтарыс беруге үйретеді. Шығармадағы Джинглз мырза атты тышқанның өзі адамзатқа ғибратты сабақ береді.