Экономика

Картоп пен сәбіз тапшылығы: Сұлтанов қымбатшылықты ауыздықтауға уәде берді

Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанмен келісімшарт жасаудың нәтижесінде бірқатар азық-түлік өнімінің тапшылығы жойылады, деді министр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов картоп пен сәбіз тапшылығы қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгін мен Орталық Азия елдеріне іссапармен шығамын. Негізгі мақсат – форвадтық келісімшарттарды пысықтау. Соның ішінде картоп, сәбіз, пияз пен қырыққабат сияқты өнімдерді өзара жеткізу мәселесі де бар", - деді Сұлтанов онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде.

Министрдің айтуынша, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанмен форвардтық келісімшарттарды рәсімдеудің нәтижесінде бірқатар азық-түлік өнімінің тапшылығы жойылады. Себебі өзара тауар жеткізудің нақты тәртібі болады. Мәселен маусымаралық кезеңде піспей тұрған өнім көрші елдерден жеткізіледі, ал өз өніміміз шыққанда, керісінше көршілерге жөнелтіледі. Осылайша қымбатшылықтың алдын алуға мүмкіндік бар.

"Әрине қажетті өнімді мемлекет сатып алмайды. Кәсіпкерлер арасында тығыз байланыс болуы қажет. Осыған байланысты мен өзіммен бірге Тәжікстан мен Өзбекстанға тиісті делегацияны алып барамын", - деп атап өтті Сұлтанов.

Оқи отырыңыз: Сұлтанов картоптың қымбаттауына кінәлілерді атады 

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан жыл сайын көкөністің 765 мың тоннасын көрші елдерге жібере алады.

"Ал маусымаралық кезеңде бізге ерте пісетін 280 мың тонна көкөніс керек. Міне, осы мәселені әріптестермен талқылаймыз. Оны дер кезінде жеткізіп отыратын болсақ, баға 7-10 процентке, ары кетсе, 20 процентке өзгереді. Екі-үш есе өспейді", - дейді Сұлтанов.