НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым - Sputnik. Шетелдік аяқ киім 20 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бұған 1 шілдеден бастап енгізілетін міндетті цифрлық таңбалау себеп болмақ. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі аяқ киімдердің 96 пайызы өзге елден тасымалданады. Оның тең жартысы нарыққа заңсыз жолмен кіргізіледі. Міндетті таңбалау міне, осы, елге аяқ киімдерді заңсыз әкелуге, қара нарықтағы айналымды азайтуға мүмкіндік береді дейді мамандар.
"Астана" телеарнасының тілшілері бағаға не әсер ететініне жауап іздеп, сюжет жариялады.
Қазір сауда сөрелерінде аяқ киімнің неше түрлісі бар. Сәні сапасы, түрі мен түсін таңдап жүріп алуға болады. Бағалары да әртүрлі. Әрине, ол бірінші кезекте аяқ киімнің сапасына байланысты. Жақсы, сапалы аяқ киім сәйкесінше қымбат. Шеттен әкелінетін тауарлардың басым бөлігінің сертификаты жоқ, контрафакт өнімдер. Тауарды Қытайдан арзан бағамен заңсыз тасып, күнкөріп отырған базар сатушылары енді бұл кәсіппен нан тауып жей алмаймыз дейді. Өйткені, енді тауар таңбаланады.
Яғни, елімізге кіргізілетін әрбір аяқ киім ресми тіркеледі. Сәйкесінше, барлық кедендік салық міндеттемелері тауардың құнына қосылады. Бұл бізге тиімсіз дейді базардағы алыпсатарлар.
"Таңбаланушылықты бекіту үшін халықтың жағдайына қарау керек. Қазіргі жағдайда халықтың ол нәрсені қалтасы көтермейді, дайын да емес", - деді сатушы Азамат.
Мәселенің бірақ екінші жағы бар, таңбалау қара нарыққа тосқауыл қояды. Бұл отандық өндірушілерге тиімді.
Таңба қаптаманың сыртына жазылады. Штихкодты сканерлеу арқылы аяқ киім туралы барлық ақпаратты білуге болады. Бір кодтың құны - 2 теңге 68 тиын. Бұған сырттан келген тауар үшін кеден салығы қосылады. Мамандардың айтуынша, осыған дейін заңсыз тасымалданған тауарлардың ғана құны өседі.
Оқи отырыңыз: 1 сәуірден бастап электр энергиясы қымбаттайды
"20-30 пайызға қымбаттайды. Себебі, тауарды заңды жолмен әкелуге мәжбүр болады. Соның ішінде кедендік салық төлеуге мәжбүр болады. Сол үшін баға өсу болжамы бар. Бірақ ол тек қана контрабандалық немесе контрафакт тауарлар үшін ғана. Әділ осы уақытқа дейін таза жолмен әкелінген тауардың бағасы сақталады", - деді цифрлық экономиканы дамыту орталығының аяқ киім тауарлық тобы бойынша жоба жетекшісі Мұхаммедхайдар Сеит.
Кәсіпкерлерге таңбаланбаған аяқ киімдерді сатуға және толық таңбалауға 1 жыл уақыт беріледі. Содан кейін талап орындалмаса контрафкт тауарлар жойылады. Дүкендерден табылған жағдайда айыппұл салынады.