Оқиға

Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлау оқиғасы - сот үкімі шықты

Айыпталушылардың бірі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, оның әйелі - 22 жылға бас бостандығынан айырылды, тағы бір күдікті тергеу барысында өзіне қол жұмсаған болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым - Sputnik. Алқабилер соты Қарағанды ​​облысының Сәтбаев қаласында бес жасар қызды зорлау ісі бойынша үкім шығарды.

Іс Қарағанды ​​облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Зорлау ісі бойынша үш күдікті болды. Күдіктілердің бірі Г. тергеу барысында өзіне қол салды. 5 жасар қызды зорлау оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ерлі-зайыпты жауапқа тартылды.

Сотта былтыр 23 шілдеде қаршадай қызды пәтерге 62 жастағы үй иесі кіргізіп алғаны анықталды. Ол мас күйінде болған.

Содан кейін Г. өзінің көршісі П.-ға қоңырау шалып, зорлық жасауды ұсынды, соңғысы келісімін береді.

Содан кейін олар П.-нің әйеліне қоңырау шалады, әйел олардың қылмыстық ниеттері туралы біле тұра, балаға белгісіз инъекция еккен.

Қыз есінен тана бастайды. Содан кейін Г. мен П. кәмелетке толмаған бес жасар қызға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасайды.

Сараптама қорытындысына сәйкес жәбірленушінің психикалық саулығына ауыр зиян келтірілген.

Алқабилер үкімі

Дауыс беру қорытындысы бойынша алқабилер барлық бап бойынша ерлі-зайыптыны кінәлі деп таныды.

Ал ер адамның қылмыс жасаған кезде мас болуын оның айыбын ауырлататын жағдай деп таныды.

Жазасын жеңілдететін жағдайлар анықталған жоқ.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, П.-ға қауіпсіздігі төтенше мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл ретте мерзімнің алғашқы 5 жылы толық қауіпсіздік мекемесінде өтелуі керек.

Заң әйелдерге өмір бойына бас бостандығынан айыруды тағайындауға тыйым салады (ҚК-тің 46-бабы). Осыған байланысты сотталушы П.-ға 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Оған өмір бойы педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты оқытушылық қызметтерді атқаруға тыйым салынады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сәтбаевты дүрліктірген оқиға

24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында ауыр қылмыс жасалды. Қалалық полиция бөліміне бес жасар қыздың әкесі арызданып, баласының жоғалғанын хабарлады. Осыдан кейін іздеу шаралары басталды. Жергілікті полицияның жеке құрамы тартылды. Жүздеген еріктілер де қызды іздеуге шықты.

Оқи отырыңыз: Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлау оқиғасы – жаппай тәртіпсіздіктің хронологиясы

Түнде жоғалған бес жасар қыз белгісіз ер адамның пәтерінен табылды. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар ер адамды өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырды.

Жиналған жұрт күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке және полицияға барды. Бірнеше көлік өртенді. Қалаға ұлттық ұлан күштері кіргізіліп, жағдай бақылауға алынды.

Ал 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салды.