НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Шымкент қаласында карантин талаптарын бұзған мейрамхана анықталды. Полицейлер 250 адам қатысқан үйлену тойын қалай тоқтатқанын көрсетті, деп хабарлайды Sputnik ҚазақстанPolisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, өткен жексенбі, 20 маусым күні кешкі уақытта “HAYAT” мейрамханасында үйлену тойы ұйымдастырылған. Той иесі карантиндік шектеулерге қарамастан, қонаққа 250 адамды шақырған. Ал, мейрамхана қызметкерлері мен даяршылары бетпердесіз қызмет көрсетіп жүрген.
Полицейлер тойхана иесі мен той өткізген адамнан түсініктеме алды. Барлық материал тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Санитарлар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша тиісті шара қолданады.
Оқи отырыңыз: Оралда тойға келген қонақтар жертөлеге жасырынып қалған - видео
Айта кетейік, заң бойынша жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (87 510 теңге), ал шағын және орта кәсіпкерлік нысандарға 230-310 айлық есептік көрсеткіш (670 910 – 904 270 теңге) көлемінде айыппұл салынады.