Экономика

Тоқаев кімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейтілетінін айтты

Биылғы қазан айына дейін дәрігерлерге төлемақы беруді жалғастыру үшін қосымша 71,5 миллиард теңге бөлінеді, деді президент
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Үкімет дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылу рәсімінде айтты, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болғанын жеткізді.

Тоқаев пандемия кезінде мемлекет тарапынан дәрігерлер мен жалпы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған ынталандыру шаралары топтамасы қабылданғанын айтты.  

"Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді", – деді мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңыздылығына назар аударды.

"Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылған. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев кімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейтілетінін айтты

Сонымен қатар президент тек қаржылай ынталандырудың жеткіліксіз екенін айтты.

"Медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады", –  деді мемлекет басшысы.

Президент медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері" атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін үкімет белгілейді.

Сонымен қатар президент орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, олар денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқарады.  

"Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Тоқаев кімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейтілетінін айтты

Ескерткіш елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында орналасқан.  

Қасым-Жомарт Тоқаев барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, "Алтын жүрек" ескерткіші орналасқан саябақты "Дәрігерлер аллеясы" деп атауды ұсынды.