Қоғам

Атырау облысының әкімі халық арасында екпені тым аз салдырудың себебін айтты

Атырау облысында вакциналаудың деңгейі республика бойынша ең төмен болып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі вакциналау көрсеткіштерінің не себепті ең төмен екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Иә, өкінішке қарай, бізде республика бойынша вакциналаудың деңгейі ең төмен болып отыр. Бірақ вакциналау ерікті түрде жүргізіледі. Оны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан біз адамдарды міндеттей алмаймыз. Барлығын түсіндіру жұмыстары мен вакциналау пунктерін ашу арқылы жасаймыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, тағы жерлестерімді екпе салдыруға шақырамын. Себебі вакциналау індет өршіген жағдайда карантиндік шектеулерді енгізбеуге мүмкіндік береді", - деді Досмұхамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Осы орайда журналистер қазіргі көрсеткішке деструктивті діни көзқарасы бар  топтардың әсері болуы мүмкін деген болжам жасады.

"Кешегі есеп бойынша Атырау облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын халықтың 3,8 проценті ғана салдырған, яғни, толық вакциналаудан өтті. Неге халықтың арасында екпе салдыратындар тым аз? Оған өңірдегі "жамағаттардың" әсері жоқ па?", - деп сұрады тілшілер.

Облыс әкімі ондай жорамалды жоққа шығарды. 

"Жоқ, менің ойымша, оның ешбір қатысы жоқ. Қала болсын, ауыл болсын, вакцинаның маңыздылығын түсінетіндер бар, белсенділік танытатындар да жоқ емес. Біз осы бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек", - деп атап көрсетті Досмұхамбетов. 

Оқи отырыңыз: Атырау облысының әкімі отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді

Облыс басшысының айтуынша, бүгінде 41 вакциналау пункті ұйымдастарылды. Соның ішінде үшеуі Теңіз кен орнында орналасқан. Сосын он шақты жылжымалы екпе салу бригадасы бар. Олар кәсіпорындарға да, шалғай ауылдарға да шыға алады.