Қоғам

Алматыдағы мәйітхана директорына қатысты сот үкімі шықты

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Алматы қаласының Медеу аудандық №2 сотында "Қалалық патологоанатомиялық бюро" мекемесінің бұрынғы басшысы Бақытжан Әлібековке қатысты  үкім жарияланды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

"17 маусымда Медеу аудандық №2 сотының үкімімен Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты "Қалалық патологоанатомиялық бюро" МКК директоры Б.Әлібеков 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", - делінген ресми хабарламада. 

Айта кетейік, Әлібеков мемлекеттік сатып алулар келісімшарты бойынша 4,5 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражатты жымқырғаны үшін айыпталған болатын. Осы қаржыны ұрлау үшін "Veritas Primus" компаниясын құрып, өзі басқарған. Сөйтіп, биологиялық қалдықтарды тасымалдау келісімшартын жасап, бюджет қаражатын жымқырды.

Оқи отырыңыз: Қарағанды әкімінің экс-орынбасары сотталғаннан кейін 6 күн өткен соң түрмеден шықты

Сонымен қатар, ол Алматыда салынып жатқан жаңа патологоанатомиялық бюроға медициналық жабдықтарды жеткізу бойынша қабылдау актісіне еш кедергісіз қол қою үшін жергілікті кәсіпкерден 14 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.