Қоғам

Құпия хаттарды таситын қызмет туралы заң Тоқаевқа жіберілді

Фельдъегерлік бөлім қызметкерлері қарумен, формамен және арнайы құралдармен қамтамасыз етіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Парламент сенаты мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, фельдъегерлік қызметті ұйымдастыратын құзырлы орган – премьер-министр кеңсесі.

"Бұл қызметтің міндеті – үкіметтің хат алмасу жұмысын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың аса маңызды әрі құпия хаттарын тасу, арнайы пошталарды ТМД-ға мүше елдерге жеткізу", – деді ол сенаттың жалпы отырысында.

Ол фельдъегерлік бөлім қызметкерлері қарумен, формамен және арнайы құралдармен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Бірақ ішкі істер органдарының қызметкерлері сияқты қылмыс ашып, тергеу жүргізбейді. Сондықтан ішкі істер органдарының құрамына және штатқа кірмейді.

Заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе зерделенді. Бүгінде Ресей, Тәжікстан, Молдова, Әзербайжан, Түрікменстан және Армения сияқты елдерде фельдъегерлік байланыс туралы арнайы заң қабылданған.

Оқи отырыңыз: Мәжіліс құпия хаттарды таситын қызмет туралы заң жобасын мақұлдады

Заң жобасының мақсаты, біріншіден, – фельдъегерлік қызметтің құқықтық мәртебесін бекіту. Екіншіден, ТМД елдері арасында фельдъегерлік байланыс тәжірибесін жасау. Үшіншіден, осы саладағы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін әлеуметтік кепілдіктер бекіту, деді Тұрғымбаев.

Сенат мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы заңды бірауыздан қабылдады. Құжат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберіледі.