Өңірлер

Газ өңдеу зауытындағы өрт: Жаңаөзен тұрғындарының өміріне еш қауіп жоқ

Зауыттағы өрт сұйылтылған мұнай газымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарға кедергі келтірмейді, деп мәлімдеме жасады зауыт басшысы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым — Sputnik. 17 маусымға қараған түні Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытында ірі өрт шығып, ауамен салқындату аппаратының конструкциясына зақым келді. Кәсіпорын директоры Нақберген Төлеповтың айтуынша, бұл химикаттардың ағып кетуіне алып келген жоқ.

Оның айтуынша, ауамен салқындату аппаратының өртенуі жергілікті уақыт бойынша сағат 22:15-те компрессорлық цехта болған. Алайда негізгі жабдыққа зақым келмеген.

"Біз өртті оқшаулау және сөндіру бойынша тез арада тиісті шара қабылдадық. Газ қабылдау тыйылып, зауыт апатты жағдайға сәйкес толық тоқтатылды. Өртпен күрес шараларына зауыттағы өртке қарсы техника мен төтенше жағдайлар департаментінің күші жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ", - деді "Қазақ газ өңдеу зауыты" директоры Нақберген Төлепов.

Сонымен қатар сағат 23:30-да мамандар кәсіпорында шектеулі режимді іске қосқан.

Компания ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта зауыт жүктемесі шамамен 30%-ті құрап отыр. Кәсіпорынды толық қуатта іске қосу үшін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар ҚазГӨЗ директоры төтенше жағдай салдарынан химикаттардың таралуы туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ол алаңдауға еш себеп жоқ екенін айтты.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытында ірі өрт болды – видео

"Ол жабдық ауа-су әдісімен, яғни кәдімгі су мен ауа көмегімен шикі газды салқындату үшін қолданылады. Жабдықта қандай да бір химиялық зат жоқ. Сондықтан зауыт қызметкерлері мен халықтың денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп жоқ екенін сеніммен айта аламын", - деді ол.

Оның пікірінше, зауыт жұмысы алдағы уақытта толық қалпына келеді және сұйылтылған мұнай газымен қамтамасыз ету жұмыстарында ешқандай кедергі туындамайды.

Өрттің шығу себебі қазір анықталып жатыр. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы бұған дейін хабарлағандай, компанияның басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың жетекшілігімен жедел штаб құрылды. Оның құрамына сәйкес құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері кірді.