Қоғам

Қазақстанның вакциналау паспорты қай елдерде мойындалады

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, кез келген елге ПТР-анықтамамен кіруге болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық вакциналау паспорты үш елде мойындалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір үш ел екіжақты форматта вакциналау паспорттарын өзара мойындау туралы ниет білдірді. Олар – Моңғолия, Венгрия, Таиланд. Біз қазір олармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан бөлек, Түркия, Кипр және барлық елдің вакциналау паспортын мойындайтын елдер және тағы басқалары", - деді Цой баспасөз мәслихатында.

Ол қазір сыртқы істер министрлігі серіктес елдермен вакциналау паспорттарын өзара мойындау мәселесін пысықтап жатқанын атап өтті.

Бірақ, министрдің айтуынша, кез келген елге ПТР-анықтамамен кіруге болады, сол себепті ковид паспорттарына тіреліп қалудың қажеті жоқ.

"Егер қолыңызда вирус жұқтырмағаныңыз туралы ПТР-тест нәтижесі болса, елге тып-тыныш кіре аласыз. Сондықтан бұл жерде еш проблема болмауға тиіс", - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Қазақстан Венгрия, Таиланд және Моңғолияның вакцина салдырған азаматтарына елге кіруге рұқсат етті.