Саясат

"Депутат креслосында отыр": Ахметов өзіне көрсетіліп жатқан қысым туралы айтты

Кәсіпкерлер билікті субидия бөлуге мәжбүрлеуге тырысып жатыр, деп мәлім етті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым — Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей кәсіпкерлерінің шағымына қатысты түсініктеме берді. 

Бір топ бизнесмен Ахметовтің іс-әрекетіне шағымданып, президенттің атына хат жазды. Олар мемлекеттік сатып алуларға арналған тендерді үнемі әкімдікке жақын мердігерлер жеңіп алатынын айтқан. Кәсіпкерлер пандемия кезінде бір жерден сатып алу жағдайы жиілегеніне шағымданды.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов бұл жағдайды ақпараттық қысым әрі бопсалау деп атады.

"Бұл билікке және маған қысым көрсету арқылы негізсіз субсидия бөлуге мәжбүрлеу, жұмыстар мен қызметтер сапасын арттыруға қойылған талаптарға қарсы әрекет ету шаралары болып отыр", - деді Ахметов Kaliyev channel телеграмм-каналына берген сұхбатында.

Semey Bus автобус паркі Қазақстан Даму банкі берген қарыз есебінен автобустар сатып алып, осы кредит бойынша берешегін ұлғайтып алды, деді ол.

"Жобаның жалпы құны 4,2 миллиард теңге бола тұра (оның 600 миллион теңгесін Семей қаласының әкімдігі берді), акционерлер 7,4 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлуді сұрап отыр. Түсініксіз арифметика", - деді Ахметов.

Наразылық білдірген кәсіпкерлердің ішінде Семейде жол жөндеумен айналыстан кәсіпорын бар. Ахметовтің айтуынша, мекеме басшысы жол жөндеу жұмыстарының сапасына қойылатын талаптарды қатаңдатумен келіспей отыр. Ал қоқыс полигонының иелері жаңа нысанның бой көтеруіне қарсылық білдіруде. Себебі "олар қоқыстан тауып жатқан қыруар ақшадан айырғысы келмейді".

Әкімге шағымданған хатқа қалалық мәслихат депутаттары да қол қойған. Облыс басшысы олардың барлығы бизнесмен екенін айтты.

"Бұл азаматтардың барлығы осы жылдар ішінде миллиардтаған сомаға тендерді игерді, депутат креслосында отыр. Қалалық мәслихат пен кәсіпкерлер тарапынан болған наразылық қалалық әкімдіктің жүргізілген жұмыс сапасына қатысты әділ талаптарына қатысты туындады", - деді Ахметов.

Кәсіпкерлер Ахметовтің отставкаға кетуін талап етті

Семей мен Өскемен кәсіпкерлері Даниал Ахметовтің отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлаған еді "31 арна".

Бизнесмендердің пікірінше, облыстық шенеуніктер тендер өткізу кезінде өздерінің жеке мүддесін ескеріп отыр.

"Металлист" ЖШС жетекшісі Серік Айдостың айтуынша, "әкім өз іс-әрекеті арқылы мемлекеттік биліктің имиджіне үлкен залал келтіріп отыр". Шетелдік компания өкілі Олжас Есенғарин "Еуразия бірінші арнасына" берген сұхбатында "компаниядан өз үлесін ала алмаған" ШҚО басшысының іс-әрекеті салдарынан жылу электр орталығының құрылысы тоқтап тұрғанын айтты. Семей қалалық мәслихатының депутаты Рафаиль Хазипов Ахметовтің үстінен шағымданған кәсіпкерлер қудалауға ұшырап жатқанын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Ермак Сәлімов бұл айыптаулардың барлығын негізсіз, дәлелсіз деп атап, кәсіпкерлерге даулы мәселені құқық пен заң аясында шешуге кеңес берді. Оның айтуынша, ешкімге қысым жасалып жатқан жоқ.