НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым — Sputnik. Қоғам қайраткері және журналист Вадим Борейко селдің жиілеуіне байланысты Алматы облысындағы Шарын шатқалында экотурзимге тыйым салуды сұрады.
Ол Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке сауал жолдады.
Борейко Шарында экотуризмді дамыту жөніндегі жоба 22 мамырда қоғам назарына ұсынылғанын айтты. Бір апта өткен соң аталған аумақта сел жүріп, екі адам көз жұмды. Осыған байланысты жобаға түзетулер енгізілуі керек болатын. Алайда ешқандай өзгерту енгізілмеген.
"11 немесе 12 маусымда Шарында тағы сел жүрді. Әйтсе де экотуризмді дамыту бойынша алдағы жұмыстардың қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалауға ешқандай түзету енгізілген жоқ. Ол құжатта "сел" сөзі бер рет қана кездеседі. Шарын бүгінде адам өміріне үлкен қауіп төндіретін туристік бағдарға айналуына байланысты қоғамдық тыңдалымды кейінге қалдыруды ойластырып отырған жоқсыз ба?" – деп сұрады Борейко.
Өте қысқа мерзімде тендер өткізу профанацияны еске салатынын айтқан Борейко "бұл жобаны жауып тастау керек" деген пікір білдірді.
Экология министрі глэмпинг, сауда орындары, этноауыл секілді инфрақұрылымның барлығы шатқалда емес, автомобиль тұрағы орналасқан жоғарғы алаңда бой көтеретінін айтты. Оның пікірінше, мұндай дүниелерді профанация деп атаған дұрыс емес.
"Конкурс ашық өтті. Біз барлығын алдын ала жарияладық, қоғамдық кеңесте барлық ақпарат ұсынылды. Мұндай жобалардың экономикасы әлсіздеу болуы мүмкін. Сондықтан кез келген бизнесмен өз қаражатын салмас бұрын бірнеше рет есептейтіні анық. Қазір бір кәсіпкер Шарынға қызығушылық танытып отыр", - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министр алдағы жұмыстардың қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп, қоғам белсенділері жобаны дайындаған азаматтарға сауалдарын қоя алатынын және құжат сапасымен таныса алатынын айтты.
Атап өтсек, экология министрлігі мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің аумағында экологиялық туризмді дамыту мақсатында "Алтын-Емел", "Көлсай көлдері" және "Шарын" ұлттық паркінде экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамаларының презентациясын әзірлеп таныстырды. Конкурстық рәсімдер өткеннен кейін ұлттық парк учаскелері туристік және рекреациялық қызмет түрі үшін ұзақ мерзімге пайдалануға беріледі.